Атырауда балаларды қинаған тәрбиеші 4 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Атыраудың №2 соты.
Атырауда балаларды қинаған тәрбиешіге сот үкімі шықты
2,398
оқылды

Атыраудың № 2 сотында қинау, яғни "көрінеу кәмелетке толмағандарға қатысты ұдайы ұрып-соғу арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату" дерегі бойынша (ҚК-тің 110-бабы 2-бөлігі 1, 2-тармақтары) балаларды оңалту орталығының маманына қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот К.-ның міндетіне 45 минут ішінде жеке-дара ерекше балаларды дағдыларға үйрету, мінез-құлықты оңалту жұмыстары кірген. Ол балалар орталығының арнайы кабинетінде кәмелетке толмағандарға жеке сабақтар өткізу барысында үш кәмелетке толмаған баланы ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы тән зардабын немесе психикалық зардап келтірген.

"Сотталушы К.-ның кінәсі жәбірленушілердің заңды өкілдері, куәлардың айғақтары, сараптама қорытындысы, бейнежазбалар және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденді. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады", – делінген сот мәлімдемесінде.

Сот соттылығының жоғын, асырауында кәмелетке толмаған баласының болуын ескеріп, К.-ны кінәлі деп тапты. Әйел төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, жәбірленушілердің пайдасына алты миллион теңге моральдық шығын өндірілді.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.