Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданына барды. Жібек жолы ауылдық округінде кісі қолынан қаза тапқан 5 жастағы қыздың шаңырағында болып, ата-анасына, жақындарына көңіл айтты.
Түркістан облысының әкімі қаза тапқан бес жасар қыздың шаңырағында болды
936
оқылды

Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметі 15 шілдеде өңір басшысының Жібек жолы ауылында кісі қолынан қаза тапқан 5 жастағы қыздың шаңырағында болып, қайғысына ортақсып, құранға қатысқанын нақтылайды.

"Өте ауыр жағдай. Қайғыларыңызға ортақпын. Жұбатуға сөз табу қиын. Кішкентай балапанның ауыр қазасы бәрімізді күйзелтті. Қазір күдікті ұсталды. Заң аясында қатаң жазаланады", – деген облыс әкімі қайғы жамылған отбасыға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылында болған қылмысқа қатысты күдікті ұсталып, қамауға алынған. Оқиға орнына 13 шілдеде түнде ерекше бақылау және тұрғындармен қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында облысы әкімінің орынбасарлары Н.Көшеров, Б.Тәжібаев, облыс прокуроры М.Тілеубердиев, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы М.Қабденов, ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Т. Мелдешов барды.

Пышақ жарақаттарынан жан тапсырған қыздың денесі сот-медициналық сараптамадан өткеннен кейін 14 шілдеде жер қойнына тапсырылды.

Сараптама қорытындысы жедел түрде 20 күн ішінде шығарылады.

ҚР Президенті Бас прокуратура мен ІІМ-не болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. Күдіктіге қатысты ҚР қолданыстағы заңнамасы шеңберінде тиісті шаралар жүргізіледі.

Соттың 2023 жылғы 15 шілдедегі қаулысымен күдікті Г.-ға қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтарпау шарасына санкция берілді.