Депутат объективті тек шынайы тексерілген ақпаратқа сенуге кеңес берді. Айтуынша, желіде тараған сурет осыдан 7 ай бұрын, Мәжіліс депутаты болып сайланар алдында 2022 жылдың 24 желтоқсанында Қонаев қаласындағы Bellagio казиносында түсірілген.
“Мұнда біз жұбайым екеуміз танымал поп музыканттарының концертіне келгенбіз. Суреттен байқасаңыз, шырша мен қысқы жемпір киіп жүрмін. Достар, мен құмар ойынына тәуелді адам емеспін, тіпті ешқашан әуес болмағанмын, ойнаған да емеспін. Тіпті ойнамайтынымды осы суретте тұрғанымнан-ақ байқауға болады. Мұнда жұбайыммен бірге шай ішіп, қасында қарап отырғанымды аңғарасыз”, – деді депутат.
Бақытжан Базарбек Парламент Мәжілісіне дейін жер мәселелері бойынша кәсіби коммерциялық заңгер болғанын алға тартты. Бұған дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген ол коммерциялық заңгер ретінде уақытын қалай, қайда өткізетінін өзінің жеке ісі деп санайтынын айтады. Ал Парламент Мәжілісіндегі белсенді әрекетінен кейін 7 ай өткен соң жасырын түсірілген осы жеке фотосуреттерді біреудің жариялауы кездейсоқ емес екеніне сенімді.
“Жақында Мәжіліс мінберінен еліміздегі жер қатынастары мен құрылыстың ең күрделі мәселелерін көтердім. Атап айтқанда, 8 облыс әкімдігінің тұрғын үйлердің жеке құрылысын инженерлік желілермен қамтамасыз етуге бөлінген 26 миллиард теңгенің игерілмеуі және мақсатсыз пайдаланбау мәселесін қозғадым. Парламент мінберінен Үкіметтен мемлекеттік жер кадастрын ашып, барлық жер иелері мен жер пайдаланушылардың аты-жөнін жариялауды талап еттім. Үкіметтің қарсылығына қарамастан заңсыз алынған мүлікті қайтару және жайылым мәселелері туралы заң жобаларына ұсыныс енгіздім. Сонымен қатар, тағы да қарсылықтарға қарамастан, елді мекендердегі сейсмикалық, көшкін қаупі бар аймақтарда және тектоникалық бұзылыстарда жер телімдерін беруге тыйым салу және тұрғын үйлер салуға тыйым салу туралы заң жобасын әзірлеу туралы ұсыныс енгіздім. Бұл ұсыныстардың барлығы әкімдіктердің жосықсыз шенеуніктерінің іріктелген құрылыс салушыларға жер телімін беру үшін жасаған ұзақ мерзімді сыбайлас жемқорлық әрекеттері мен схемаларын бұзады”, – деп қосты ол.
Депутат осының бәрінің артында тұрғандардың есімін оңай болжай алатынын айтты.
“Маған күйе жағушылардың басты мақсаты – менің депутат бола тұра казинода жүргенім туралы ақпаратты таратып, халық алдында беделімді түсіру. Сол арқылы жердегі сыбайлас жемқорлықпен күресудегі күш-жігерімді азайтқысы келеді. Маған ақпараттық қысым көрсету арқылы бұл ұсыныстарды заң жобасы ретінде жүзеге асыруға кедергі жасамақшы. Бұл таза арандатушылық, жасырын түрде депутаттық қызметіме кедергі”, – деп қосты Базарбек.
Депутат өзінің құмар ойындарына тыйым салу туралы мәселе көтерілсе, жабылуын қолдап бірінші дауыс беретінін алға тартты.
“Казино ішін, ойын автоматтары мен ойын залдарына ақшасын жұмсайтын құмар азаматтарды көрдім. Ал мені айыптағандарға келетін болсақ, өзіме қарсы жасалған бұл ақпаратты арандатушылық деп есептеймін. Мен мұндай қулықтарға сынбаймын. Мүмкіндіктеріміз зор, ерік-жігеріміз жетеді. Бұл тек бастамасы ғана”, – деп қорытты ол.