Сенаторлар Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, тұрғындармен кездесулер өткізді. Кездесу барысында өзекті мәселелер мен олардың шешімін табу жолдары талқыланды.
Парламент Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиевтің сапары Қазығұрт ауданында жалғасты. Өнер мектебінде жергілікті тұрғындармен болған кездесуге ардагерлер кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлер мен шаруалар, аудандық мәслихат депутаттары және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Сенаторлар кездесу барысында қабылданған ұлттық және халықаралық заңнама баптары мен оған енгізілген толықтырулар туралы жиналғандарға жан-жақты түсіндіріп, өңірдегі мәселелер бойынша пікір алмасты. Әңгіме барысында мемлекеттік шекараның тозған бағанасын, жолдарды, күрделі жөндеуді қажет ететін нысандарды ретке келтіру, сондай-ақ ауданда туризм саласын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және шаруаларға төмен пайызбен несие беру сияқты тақырыптар қозғалды.
Сенаторлар өз кезегінде көтерілген барлық мәселе Парламенттің алдағы сессиясы барысында назарда болатынын атап өтті. Парламентшілер сонымен қатар Шарбұлақ ауылдық округінің Ақбастау елді мекеніндегі 150 орындық мектепке барып, қосымша салынып жатқан ауызсу қоймасы құрылысының барысымен танысты.
Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қалалық мәслихат депутаттарымен және қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Сенаторлар еліміздің Президенті белгілеген мемлекеттің негізгі басымдықтары және VIII шақырылымның бірінші сессиясында қаралған заңдардың басты ережелері туралы айтып берді.
Қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық белсенділер кездесу барысында әлеуметтік төлемдердің мөлшері мен тәртібіне, қала аумағындағы инфрақұрылымды дамытуға, газ жеткізуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ішкі нарықты қорғауға, кәріз жүйелерін тазартуға қаржы бөлуге және т.б. маңызды мәселелерге қатысты сұрақтар қойды. Депутаттар кездесулерде көтерілген мәселелерді бақылауда ұстайтынын және Үкіметпен бірлесіп оларды шешу жолдарын әзірлейтінін атап өтті.
Сенат депутаты Руслан Рүстемов Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданында болды. Сенатор жұртшылықпен кездесу барысында Сенатта мақұлданған заңдар туралы айтты және тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Жергілікті тұрғындар өз кезегінде Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарындағы Аққыр, Шобанқазған, Кәукей ауылдарына шекара маңы аймағының мәртебесін бекіту, Жүргенов ауылында мәдениет үйін салу және «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жетілдіру мәселесін көтерді.
Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл ауданында болды және Тастөбе ауылындағы «Қызылдихан» өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшылығы кооперативте ауыл шаруашылығындағы жұмысты жалғастыру үшін қажетті техниканың жеткілікті екендігі туралы хабардар етті. Жүздесу барысында қызметкерлердің жағдайын жақсартуға да басымдық беретіні де айтылды. Сапар барысында сенаторға даладағы жұмыс барысы көрсетілді. Аудан әкімінің айтуынша, кооператив қарамағындағы жердің жалпы ауданы – 1 875 гектар. Кооператив басшылары 1 745 гектар ауыл шаруашылығы алқабын пайдаланады. Бүгінде Тастөбе ауылының елу тұрғыны кәсіпорында жұмыс істейді. Сенатор өз кезегінде Жамбыл ауданының тұрғындарына Парламент Сенатының қызметі және өткен сессия кезеңінде жүргізілген жұмыс туралы айтып берді.
Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысындағы жұмысы аясында әлеуметтік нысандарды аралады және кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен әңгімелесті. Сенатор «Ақтау теңіз порты АЭА» АҚ-да болған кезде арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен және оны одан әрі дамыту жоспарымен танысты. Депутат экономика салаларындағы қолдау шараларына түсініктеме берді және өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамытуға бағытталған негізгі тетіктерге тоқталды. Депутат сапар барысында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығымен де кездесті. Кездесуде кәсіпкерлік саласын дамыту, отандық және шетелдік инвесторларды тарту мәселелері талқыланды. Сенатор сондай-ақ әртүрлі проблемалық мәселелер бойынша тұрғындарды да қабылдады.
Депутат «Каспий тұщыландыру зауыты» ЖШС-де болды және тұщыландыру зауытын кеңейту жобасымен танысты. Зауытта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін тәулігіне 40 мың текше метр теңіз суын тұщытуға мүмкіндік беретіні айтылды. Бекбол Орынбасаров аталған кәсіпорынның маңызын атап өтіп, жөндеу-орнату жұмыстарының жақын арада сәтті аяқталатынына сенім білдіретінін жеткізді.
Парламент Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова Семей қаласындағы «Жылукомунэнерго» МКК-де болды және 2023-2024 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық жоспарымен танысты.
Сенатор қаладағы қазіргі жылу көздері туралы жан-жақты хабардар болды. Оған сонымен қатар №1 жылу энергетика орталығы көрсетілді және жергілікті 92 қазандықтың кейбірі күрделі жөндеуді қажет ететіні туралы айтылды. Депутатқа жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аясында ауқымды жұмыс атқарылғаны, атап айтқанда «Ғаббасов» қазандығы қайта жаңартылғаны және жалпы ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасып жатқаны туралы хабарланды.
Депутат Арғынбекова өз кезегінде жергілікті билік бұл мәселені бақылауда ұстауы тиіс екендігі және жылу көздері мен жылу желісінің жай-күйіне тұрақты тексеру жүргізу қажеттігін атап өтті.