Жазасын өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесі болып белгіленді
Ауыл әкімін өлтірген ақтөбелікке сот үкімі шықты
576
оқылды

Ақтөбе облысы Алға аудандық сотында Қарабұлақ ауылының әкімі Ернар Махамбетовтің өліміне қатысты іс қаралып, үкім шықты. Сотталушы Құрман Өтегенов 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алға аудандық сотында Қарабұлақ ауылының әкімі Ернар Махамбетовті өлтірді деген айыппен Құрман Өтегеновке қатысты іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, жәбірленуші мен сотталушы шаруа қожалығына барып, сол жерде ішімдік ішкен. Кейін арада жанжал шығып, бірі екіншісіне пышақ сұғып алған.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сүйенсек, жәбірленуші Ернар Махамбетов кесіп-тесетін заттан жараланып, көп қан жоғалтқаны белгілі болды. Ауруханаға жеткізген кезде оның өлімі тіркелді.

«Сотталушы Құрман Өтегенов Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша айыпты деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалсын. Жазасын өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесі болып белгіленсін», - деді Алға аудандық сотының судьясы Камшат Килбаева.