Қазақ ұғымында сал-сері дегенде көз алдымызға ат ерттеп, тазы ертіп, қолына қыран құсты қондырып, саятшылық құратын, өнерімен де халықты тамсантқан жанды келтіреміз. Сондай бір жанның бүгінгі бейнесі деп Ұлағат Ханзаданы атасақ жарасады. Ол – ақындық, журналистік қырларынан бөлек, ат ерттеп, тазы ерткен саятшының өзі. Ежелгі бабалар өмір салтын берік ұстанған жанмен «жеті қазынаның» бірі аталған асыл текті тазы тұқымы туралы кеңірек білу мақсатында сұхбат құрған едік.
Бүгінгі тазылар бұрынғыдай емес – Ұлағат Ханзада
2,049
оқылды

– Ұлағат мырза, сізді ақындық өнеріңізден бөлек, саятшылықты серік еткеніңізді білеміз. Бүгінде қазақ өмір салтынан алыстап бара жатқан саятшылыққа қызығушылығыңыз қалай туындады?

– Менің саятшылыққа, қазақтың аңшылық танымына, тазыға деген қызығушылығым бір күнде ғана пайда бола қалған жоқ. Әкелерімізден қалған, ағаларымыздан көрген үлкен таным еді. Бала кезімізде біздің ауылда санаулы ғана адам тұрды. Сол санаулы елді бүкіл жұрт сыйлайтын. Себебі олар ат ұстап, тазы ертіп, саятшылықты, аңшылықты серік еткен жандар болды. Жан-жақтан ауып келетін аңдарды аулап, сол ауылды азан-қазан қылып жатушы еді. Сол кездері ауыл­дың жұрты тайлы-тұяғымен, тіпті ауданның атқамінерлері келіп аңшылардың үйіне жиналып, саятшылықтағы, аңшылықтағы қызықты әңгімені тыңдауға құмартып отыратын. Сол кезде біз де құлағымызды то­сып, ұйып тыңдайтынбыз. Сол ағалар өзінің саятшылықтағы өмірлерін, жылдар бойы жинаған тәжірибелерін бізге азық болсын дейтін көрінеді. Біздің санамызға да солай сіңген дүние еді бұл. Одан бөлек, есейе келе бойымызға дарыған жазу-сызудан басқа қазақ руханиятына, қазақтың ұлттық құныдылықтарына қалай еңбек сіңі­ре аламыз деген ойдың мазалай бас­тағаны рас. Тым болмағанда өсіріп отырған ұл-қыздарымызға қазақтың дегдар өнерін насихаттап кетейік деген мақсат-мұратымыз бар. 

– Қазақта «Ит жақсысы – тазы» дейді. Бұл туралы көп жерде айтып, жазып жүрсіз. Жал­пы, бүгінгі қазақтың түсінігіндегі тазы мен бұрынғы қазақтың түсінігіндегі тазының айырмашылығы бар ма?

– Қазақтың бұрынғы тазысы мен қазіргі тазысының арасында айырма­шылық жоқ. Бұрындары да тазыларда будан болған, қазір де бар.  Бірақ қазақ оның айырмасын көрсетіп кеткен. Тазы, одан бөлек тазы тұқымдасына жататын «қайың қаптал», «дүрегей» деген будан түрлері бар. Төбетпен қосылған қосындыларын осылай дейді. Тазы ұстаған үлкендердің аузында «бір тазы бүкіл бір ауылды асыраған» деген әңгімелер көп айтылады. Бұл сөздің түп-төркінін көбі түсіне бермейді. Бір тазы бір ауылды тұрмақ бір үйді асырай алса, оның өзі – үлкен жетістік. Ал бір ауылды асырау деген әсірелеп айтылған ба деп ойлайтынмын. Сөйтсем, бұл рас әңгіме екен. Ашаршылық кезеңін көрген адамдар өздерінің көзімен көрген әңгімелерін естігесін сендім. «Паһ, шіркін, түгенше деген жанның пәленше деген тазысы бір рулы елді асырап еді-ау» деп тамсанып айтқан әңгімелеріне куә болдым. Бір рулы ел деген әжептеуір үлкен қауым ғой. Сондай үлкен халықты асырау үшін ол та­зы­ның жүйріктігі, алғырлығы, жүректілігі, шыдамдылығы қандай болды екен деп ойланамын, кейде. Сонымен қатар оны сондай алғыр қылып баптаған саятшы да осал болмаған болып тұр ғой. Ал қазіргі өзін саятшы, аңшы санап жүргендердің көбі ол танымнан ажырап қалған. Олардан бөлек, тіпті филолог, әдебиетшілер, тарихшы­лардың өзі қазақтың саятшылыққа қатысты сөздерін әдебиетте қолданғанмен түп мәнін түсіне бермейді. Мәселен, қарапайым «соқталаған», «соқталау» деген сөз бар. Ол дегеніміз өзі соғып алған аңының жылы-жұмсағын жеп, сонымен ауыздануды айтады. Ауызданбаған, аңсырап қалған тазылар шығып кетіп жоғалып кеткен кезде шалдар «аңшының кешіккені несі, соқталап кеткен шығар» деп отыратыны содан. Бұл сөз жігіттерге де, жорыққұмар азаматтарға да айтыла береді. Байырғы тазы мен қазіргі тазының айырмасы жер мен көктей болатын себебі бұрынғы тазылар аттың бауырынан, үзеңгінің табанынан келетін ірі, биік болып келетін. Қазір ондай тазыны көрсе жын көргендей шошынып, «тазы деген осындай болушы ма еді?» дейтін сипатта сұрақтар қойып, «мынауың қайың қаптал ғой, дүрегей шалыс сияқты» деген күмәнді әңгімелердің де шетін шығарады. Мұның барлығы – біздің танымымыздан ажырап қалғандығымыздың көрінісі. Бірақ бұл қазақтың тазысы жоғалып кетті дегенді білдірмейді, жай қазақтың тазысы ұсақ­та­лып кетті дегенді білдірсе керек-ті. Мәсе­лен, тіпті 80-90 жылдардағы тазылардың өзі жалғыз барып қасқырмен алыса беретін болған. Бертін келе екі тазы бір қасқырға жабы­латынды шығарды. Ал қазір үш тазымыз бір қасқырды алса, соған тазымыз қасқыр алды деп қуанып жүрміз. Тіпті, жабылып бес итпен, жеті-сегіз итпен қас­қыр алып жатса, «ей, жарықтық тегіне, қанына тартқан екен» деп жатамыз. Шын­дығында, қателігіміз сол. 

– Елімізде тазылар арасында додалар өтіп тұра ма? Сіз қатысып па едіңіз?

– Мұндай додалар жиі болмаса да жылына бір рет өтіп тұрады. Жылына екі рет өтсе, кәдімгідей аңшылар мен саят­шылар мәре-сәре болып қалады. Өйткені ондай шараларды өткізу – қиынның қиыны. Біз жыл сайын «салбурын» деген шара ұйымдастырамыз. Дәстүрлі аңшылыққа қатысты өзіміздің WhatsАpp тобымыз бар. Сол топта біраз жігіттер ақылдасып, топ-топтан немесе жеке-жеке саятшылық құратын кезіміз болады. Бұл қасқыр алатын тазылармен шығатын кез, яғни текебұрқақ пен бөрісырғақ арасы. Қараша айы мен ақпан айының арасындағы еліміздің қай түкпірінде қасқыр жылт етіп көрінсе, соған аттанамыз. Бұл уақыт – тазының да, қасқырдың да кемеліне келіп, толысар шағы. Осы екі күштінің бабы мен бағын сынайтын сәт – аңшылар үшін ең бақытты кезең. Бұл жылына бір рет қана болады. Ал енді шырға тартып немесе бір-бірімен бәсекелесіп, жарысты­рып елікке қосып, қоян алдырып, борсық ілдіріп жататын жарыстар болады. Олардың барлығына бірдей қатысып жататын мүмкіндік бола бермейді. 2019 жылы Көкшетаудың Елікті деген жерінде сондай бір дода болды. Соған қатысқанмын. Бір тазыны ат соңында күндіз-түні дамылдыр­май жиырма күн жүгіртіп, шырға тарту жарысына қосып, қасқыр алатын тазылар­дың арасында өзіміздің тазымыздың бағын сынап, жүлделі орыннан көрініп қайтқан кез болды. Барлық сондай жарыстардың басы қасында жүреміз, ұйымдас­тырушы ретінде, қатысушы ретінде. Бірақ енді жарысқа аса құмар емеспін. Себебі шырға тартуға, балапан бүркіттерді, күшіктерді салатын болған. Ал далада тірі аң көрген, ауызданған, қоян ілген бүркітті яки тазыны қайтадан шырғаға тартпайтын болған. Бұл енді қазақ үшін мазақ нәрсе. Бірақ кейінгі кезде спорттық жарыстар деген сипатта түрлі-түрлі жерлерде шырға тарту деп шоуға, бизнеске айнал­дырып жүргендер бар. Бұл да бір үлкен қателік деп ойлаймын. 

– Сізді қазақтың ұлттық дүние­танымы, саятшылық өнері туралы кітап жазып жатыр деп естідік. Бұл кітапта тазыларға қатысты қандай тың деректер бар?

– «Қашпаған қашардың уызынан дәметпе» дейді емес пе қазақ.  Кейде өзімізден бұрын атымыз, дақпыртымыз елге тарап кететіні бар ғой. Иә, қазақтың аңшылық танымы туралы бір дүние бастап жатырмын. Үлкен ағаларымыз «аңшылық мектебі» деп айтсаңшы деп кеңес айтып жатыр. Бірақ мен оған қарсылық білдірдім. Себебі бұл да бір дүниетанымның бір бөлшегі. Мектеп десе белгілі бір аймақпен ғана шектеліп қалатын сияқты көрінеді. Сондықтан жазып жатқан дүнием – қазақтың аңшылық танымы, нақты айтсам саятшылық төңірегіндегі дүниелер. Ол көркем шығарма бола ма, жай бір жинақ бола ма, оны әзірге шешпедім. Аяқталмаған дүние. Қашан бітеді, қалай аяқталады – барлығы қаражатқа байланысты. Бірақ айтары мол, түсінігі терең бір дүние бере аламыз деп ойлаймын. Себебі осы уақытқа дейінгі жазылған еңбектерде, дүниелерде көп жайттар ескерусіз қалған. Оны жазған авторларға ешқандай ренішіміз жоқ. Өйткені қатаң цензурадан өтпей қалған деп түсінеміз. Қазақтың қаншалықты дүние­танымының терең екенін көрсететін дүние­лер алынып тасталды. Сондай қиылып қалған, өшіп қалған, еміс-еміс емеурінмен ғана айтылған дүниелерді жаңғыртып, кеңінен тарқатып берсек деген ниетіміз бар. Сол ниетте жұмыс істеп жатырмыз. Бір ғана ерекшелігін айтатын болсам, саятшы­лыққа қатысты 4 мыңға жуық сөздің дерегі жоқ. Бірақ аңшылық танымда бар нәрсе. Соның ең болмағанда 100-ін мағынасын ашып, қаузап жазып бере алсақ үлкен олжа болар еді. Осы салада ізденіп жүргеніме көп жылдар болды. Аңшылыққа қатысты қандай да бір тың дерекке жолықсам, түртіп алып қойын дәптеріме көшіріп аламын. Бала күнгі әдетім сол. Кейін бір қажетке жарайтыны анық. 

– Қазір мылтықпен, қарда жүретін шана­мен, түрлі техниканың көмегімен қасқыр алып жатқандар бар. Бұл қаншалықты дұрыс. Дала заңына бағынатын қазақтар тіпті аңның қашып үлгеруіне де мүмкіндік беруші еді...

– Жалпы, өз басым аңшылықтың барлық түрін қолдаймын. Мылтықпен алсын, бүркітпен яки тазымен, атпен немесе шанамен алсын аңшылыққа қарсы­лығым жоқ. Ал заңсыз броконерлік жолмен аулағанға түбегейлі қарсымын. Ол әркімнің өз еркі. Барлығы шеберлікті, ыждаһат­тылықты, шыдамдылықты, ұзақ уақыт дайын­дықты талап етеді. Қазақта қақпан­шылық та, қармақшылық та, абақпен аулау да, тор, тұзақ құру да бәрі бар нәрсе. Ешқайсысы жат емес. Бірақ осыларды жат қылып көрсететін – біздің псевдо табиғат қорғаушылар. Неге олай айтып отырмын? Себебі оны айтып отыратын – көбіне шетел азаматтары. Олар, меніңше, қазақ­тың аңшылық өмір салтын қызғанатын секілді. Неге десеңіз, жалаң қолмен қасқыр алған орысты немесе Еуропадағы басқа ұлтты көрген де естіген де емеспін. Бірақ, моңғолдардың, буряттардың, қырғыз­дар­дың, ноғайлардың үзеңгімен, шоқпармен қасқырды соғып алғанын жиі естиміз. Өйткені көшпенді елдердің танымында бар. Түркілік танымды айтамын. Ол таным ешқандай қоршаған ортаға кесірін тигізетін таным емес, ержүректілік пен мейірімділікті тең ұстаған таным деп айтар едім. 

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан

 Наурызбек САРША