Президент Әкімшілігінің келісімімен Нұрділдә Серікұлы Ораз Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы Aikyn.kz БҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Нұрділдә Ораз 1981 жылы дүниеге келген.
Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика және ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын құқық қорғау қызметі мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2003 жылы «31 арна» ЖШС «Информбюро» жаңалықтар қызметінің корреспондент-жүргізушісі болып бастаған.
Әр жылдары бірқатар республикалық телеарнада қызмет атқарған.
2009 жылы ішкі істер органдарына ауысып, Астана қаласы Ішкі істер департаментінің тіл саясаты және ақпарат бөлімінің басшысы, ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры – министрдің баспасөз хатшысы, кейіннен ресми өкілі болды.
2016 жылы Бас прокуратура аппарат басшысының орынбасары, 2019-2022 жылдары Ішкі істер министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.
Осыған дейін Батыс Қазақстан облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы болды.