Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекет­терінің ынтымақтастығы кеңесінің» бірінші саммитіне қатысты.
Көпжақты ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріледі
718
оқылды

Президент өз сөзінде Орталық Азия мен Шығанақтағы араб мемле­кет­тері басшыларының бүгінгі кез­десуі, ең алдымен, уақыт талабы және көп­жақты ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге көтеру жолында өзара тү­сіністік бар екенін көрсететініне на­зар аударды. Оның айтуынша, біздің ел­деріміз екіжақты форматта берік әрі үй­лесімді мемлекетаралық қатынас ор­­­натты. Сенімді әрі белсенді саяси диа­лог, сауда-экономикалық ын­ты­мақ­тастық дамып, мәдени-гума­нитар­лық байланыстар тұрақты түрде ны­ғайып келеді.

– Жаһандық орнықты даму мәсе­ле­сі бойынша мемлекеттеріміздің ха­лық­аралық аренадағы көзқарас-тары – ортақ немесе жақын. Жалпы, қауіп­сіз­дік пен тұрақтылықты қамта­масыз ету жөніндегі мақсаттары да бір. Тари­хи байланыстар, ортақ рухани құн­ды­лық­тар, достық пен бауыр­лас­тық – қа­рым-қатынасымыздың берік не­гізі екені сөзсіз. Қазақстан бүгінгі кез­десуге ерекше мән береді. Шығанақ ел­дерінің саяси ықпалы, эко­но­ми­калық және инвестициялық әлеуеті зор. Олар – көптеген негізгі бағыттар бойын­­ша біздің ең маңызды серік­тесі­міз. Орталық Азия мемлекеттерінің іш­кі аймақтық ынтымақтастығын жан­­дандырып, өңірдің жаһандық маңыз­дылығын күшейту қажет деп са­наймыз. Бұл көпжақты ықпал­дас­тықты тереңдету үшін жаңа мүм­кін­дік­терге жол ашады. Осы іске «Ор­та­лық Азия +» диалог форматы елеулі үлес қосатыны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Орталық Азия мем­лекеттерінің әлеуеті мен Шығанақ ел­дерінің орасан зор мүмкіндігі көп­жақты серіктестікті биік белеске шы­ғара алатынына сенім білдіріп, осы диа­лог форматындағы ынтымақ­тас­тық­тың басым бағыттарына қатысты өз пікірін ортаға салды.

– Ең алдымен, сауда-эконо­ми­ка­лық байланыстарды кеңейту маңызды. Соңғы жылдары біздің аймақтың Ын­ты­мақтастық кеңеске мүше елдермен сау­да-саттығы қарқынды дами бас­та­ды. Мұны ерекше атап өткен жөн. Бірақ көрсеткіштер біздің әлеуетіміздің толық пайдаланылмай отырғанын көр­сетеді. Тауар айналымын айтар­лық­тай арттыру үшін бізде барлық мүм­кіндік бар. Ол үшін өзара сауда но­менклатурасын ұлғайту қажет. Мысалы, Қазақстан қысқа мерзімде құны шамамен 400 миллион доллар болатын 100 түрлі тауар экспорттауға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент инвестициялық ынты­мақтастықты жандандыру мәселесін екінші басым бағыт ретінде атады. UNCTAD баяндамасына сәйкес был­тыр Орталық Азияға тартылған таза инвестиция 40 пайызға артып, 10 мил­лиард долларды құрады. Оның 60 пайы­зы Қазақстанға тиесілі.

– Тәуелсіздік жылдары Шығанақ ел­дері Қазақстан экономикасына 3,6 мил­лиард долларға жуық қаржы салды. Сон­дықтан біз инвестициялық бай­ла­ныс­тарды одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Осы­ған орай экономиканы әртарап­тан­дыруға бағытталған ауқымды рефор­ма­лар жүргізілуде. Шетелдік капитал үшін ба­рынша қолайлы жағдай жасап жа­тыр­мыз. Жуырда Қазақстан мен Сауд Ара­бия­сы арасында Іскерлік кеңес құрылды. Ол екі елдің сауда және инвестициялық әлеуетін арттыруға арналған маңызды алаң болмақ. Біз Кеңеске мүше мем­ле­кет­тердің барлығымен осындай ынты­мақ­тастық орнатуға дайынбыз. Серік­тес­терімізді «Астана» халықаралық қар­жы орталығының мүмкіндіктерін бел­сенді пайдалануға шақырамыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, кө­лік-транзит саласын дамыту маңызды. Қазіргі таңда мемлекеттеріміз көлік ба­ғыт­тарын әртараптандыру үшін белсенді ша­ралар қабылдап жатыр. Түрлі инф­ра­құрылымдық және логистикалық жо­ба­лар қолға алынуда. Атап айтқанда, Қа­зақ­стан Транскаспий халықаралық көлік дә­лізін одан әрі дамытуға баса мән береді.

– Біз бұл бағыт арқылы жүк тасы­ма­лын дәйекті түрде ұлғайтуға ниеттіміз. 2030 жылға қарай жыл сайын 500 мың кон­тейнерге дейін жүк жеткізуді жос­пар­лап отырмыз. Бұдан бөлек, Қазақстан «Сол­түстік – Оңтүстік» халықаралық кө­лік дәлізін дамыту шараларын қабыл­дау­да, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент энергетика саласындағы ын­тымақтастықты нығайтуды келесі ба­сым бағыт ретінде атап өтті. Орталық Азия мемлекеттерінің аумағында 30 мил­лиард тоннадан астам барланған мұ­най қоры және 20 триллион текше метр­ден астам газ қоры бар. Бұл аймақ­тың мұнай мен газ көлемі жағынан әле­м­де Араб түбегінен кейін екінші орында екенін көрсетеді.

– Қазақстан ОПЕК+ келісімінің  қа­ты­су­­шысы ретінде осы ұйымға мүше ел­­дермен ынтымақтастықты жоғары ба­­­ғалайды. Біз жан-жақты қарым-қа­ты­нас­ты тереңдете түсуге дайынбыз. Елі­міз­де энергия ресурстарын тасымалдау ба­ғыттарын әртараптандыру үшін ау­қым­ды жұмыс жүргізіліп жатыр. Со­ны­мен бірге Қазақстан өндіруші жаңа қуат көздерін дамытуға және жаңғыртуға баса мән береді. Геологиялық барлау және өн­діру ісіне озық тәжірибе мен тех­но­логияны енгізуге айрықша көңіл бөледі. Сон­дай-ақ заманауи мұнай-химия өнер­кә­сібін өркендетуге басымдық береді. Қа­зақстан Шығанақ елдерінің ірі энер­ге­тикалық компанияларымен тығыз қа­рым-қатынас жасауға дайын. Әсіресе, «жасыл энергетика» саласында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Мысалы, Саудия­ның «ACWA Power», Әмірліктердің «Masdar» және Қатар компаниялары жо­баларының келешегі зор. Жуырда Шан­хай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі өтті. Сол жиында мен Қазақстанда Халық­ара­лық энергетикалық форум өткізуді ұсын­дым. Ынтымақтастық кеңесіне мү­ше елдердің мұнай мен газ экспорт­тай­тын кәсіпорындарын осы іс-шараға қа­тысуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Мемлекет басшысы азық-түлік қауіп­­­­сіздігіне қатысты мәселеге арнайы тоқ­талды. Сондай-ақ Қазақстан Араб ел­деріне ауыл шаруашылығы тауарларын экс­порттау көлемін ұлғайтып, олардың құрылымын әртараптандыруға мүдделі екенін айтты.

– Еліміз – әлемде бидай мен ұн өн­діре­тін ең ірі он мемлекеттің бірі. Араб әріп­тестеріміздің «органик» және «ха­лал» өнімдерін өндіру, өңдеу және сер­ти­фикаттау тәжірибесі мен мүмкіндігі мол. Сондықтан оларға сұраныс жоғары. Осы орайда стандарттарды, техникалық реттеу және сертификаттау жүйесін үй­лес­тіру маңызды. Бұл бағыттағы жұ­мысты жалғастыру қажет деп санаймыз. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін пайдаланып, бұл мін­деттерді тиімді іске асыра аламыз. Ұйым­ның қазіргі Төрағасы ретінде бел­сенді жұмыс жүргізіп жатқаны үшін Қа­тар басшылығына шынайы ризашы­лы­ғымды білдіремін. Сондай-ақ оның қыз­метін жандандыруға Сауд Ара­бия­сының зор үлес қосқанын айрықша атап өт­кім келеді. Жаһандық азық-түлік қауіп­­­­сіздігін нығайтып, осы саладағы ын­­тымақтастықты дамыту үшін Ауыл шаруа­шылығы министрлерінің кездесу те­тігін құруды ұсынамын, – деді Прези­дент.

Бұдан бөлек, Президент аймақаралық туризмді дамытуды ынтымақтастықтың келесі басым бағыты ретінде атады.

– Орталық Азияның туристік әлеуеті зор. Мұны тиімді пайдалану қажет. Сон­дай-ақ туризм индустриясы – аймақ эко­номикасының тез дамып келе жатқан са­ласының бірі. Осыған орай туризмнің мә­дени-танымдық, экологиялық, спорт­тық, сауықтыру және іскерлік сала­ларын бірлесе дамытуға дайынбыз. Бұл туристік бағытты ілгерілетуге ықпал етеді. Бүгінде Қазақстан Ынтымақтастық кеңесіне мүше барлық мемлекет үшін визасыз режим енгізді. Сонымен қатар сіздердің астаналарыңызбен тікелей әуе қатынастарын жолға қойды, – деді Мем­лекет басшысы.

Президент сөзінің соңында ұсы­ныл­ған бастамалар Қазақстанның өзара ор­нықты даму мен өркендеуді қам­та­ма­сыз етуге бағытталған ынтымақтастықты ны­ғайтуға деген ұмтылысын растайты­нын жеткізді.

Сонымен қатар «Орталық Азия + Шы­ғанақтағы араб мемлекеттерінің ын­тымақтастық кеңесінің» бірінші сам­ми­тіне Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Сал­ман бен Әбделазиз Әл Сауд, Бахрейн Ко­ролінің гуманитарлық жұмыс және жас­тар ісі жөніндегі өкілі, Ханзада шейх Насер бен Хамад Әл Халифа, Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Кувейттің Тақ мұрагері шейх Мешаль әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабах, БАӘ Ви­це-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әмірлігінің Билеушісі шейх Мұ­хаммед бен Рашид Әл Мактум, Оман Сұл­танаты Премьер-министрінің орын­басары, Ханзада Асад бен Тариқ Әл Саид, Қырғызстан Президенті Садыр Жа­паров, Тәжікстан Президенті Эмо­мали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Пре­зиденті Шавкат Мирзиёев, Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңе­сінің бас хатшысы Жассем Мұхаммед әл-Будауи қатысты.

«Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңе­сі» бірінші саммитінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабыл­данды.