Алматының Алмалы аудандық соты кәсіпкер Орифжан Шадиевті Asia Credit Bank-ке 16,7 миллиард теңге шығын келтіргені үшін 1 жарым жылға бас бостандығынан айырды.
Кәсіпкер Орифжан Шадиев 1,5 жылға сотталды
3,025
оқылды

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылдың 22 сәуірінде Орифжан Шадиев Asia Credit Bank-тің иесімен банк акцияларын сатып алу туралы келісім жасасқан. Алайда, ол үшін 5 компанияның несиесін өтеуі қажет болған. Шадиев қарыздық міндеттемелерді (16,7 млрд теңге) өз мойнына алуға келісіп, акцияларды сатып алған.

Алайда, Орифжан Шадиев көмекшісі Михаил Соловьевпен бірге банкті жаңылыстыру арқылы жалған құжаттарды қолданып, кепілзаттың (жер учаскесінің) нарықтық құнын асыра бағалаған. Жалпы кепіл құны 25 млрд теңге болатын 7 жер телімі түріндегі өтімді кепілді нарықтық құны 46 млрд теңгеден асатын жер учаскесіне ауыстырып жіберген.

«Қылмыстық жоспарға сәйкес, Шадиев пен Соловьев жоғарыда аталған жеті жер учаскесін банк кепілінен алып тастау туралы шешім қабылдап, өтімді активтердің орнына өтімділігі төмен, банктің несиелік және кепіл саясатының талаптарына сәйкес келмейтін №2063А жер теліміне ауыстырған», – деп атап өтті соттан.

Asia Credit Bank лицензиясынан айырылғаннан кейін тарату комиссиясы бұл заң бұзушылықты анықтады.

Сот Орифжан Шадиевті банктің қиын қаржылық жағдайын біле тұра жалған құжаттар арқылы кепілзаттың нарықтық құнын негізсіз өсірген деп шешті.

Осылайша, кәсіпкер мен оның көмекшісі банктің тарату комиссиясына 16,7 млрд теңге мүліктік залал келтірген.

Орифжан Шадиев пен Михаил Соловьев кінәсін жартылай мойындады. Кәсіпкер ҚР Қылмыстық кодексінің 250-бабының 2-бөлігімен («Қаржы ұйымының, банктік және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкерінің өкілеттігін асыра пайдалануы») кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға, көмекшісі 1 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, сот оларды банкке келтірілген шығынды өтеуге міндеттеді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.