Қазір Атырау облысындағы Исатай ауылы құмның құрсауында қалды. Ауыл тұрғыны Фаруза Сұлтаналиева үреймен өмір сүріп жатқандарын айтады.
«Құмның толассыз басуы ауыл ішіндегі қозғалысты қиындатып жіберді. Кез келген уақытта құм үйімізді басып қала ма деп қорқамыз. Толассыз көшкен құмға аңызақ жел қосылғанда, қайда кетерімізді білмейміз. Терезелерді ашып, желдету арман болып қалды», – дейді ауыл тұрғыны.
Исатай ауылының әкімі Аслан Ғұбаштан білгеніміздей, қазір ауылда жағдай қауіпті. Құм тоқтату мақсатында сексеуіл егу жұмыстары қолға алынғанымен, мердігер компания бұл шаруаны аяқсыз қалдырған.
«Былтыр құм тоқтату жұмыстарына 115 млн теңге бөлінді. 27 мың түп сексеуіл егілді. Бірақ мердігер компания жұмысты салғырт ұйымдастырғандықтан, нәтиже болмады. Бүгінде ауылдың ішіндегі қызыл құмды далалық жерге арнайы көліктермен шығару жұмыстарын ұйымдастырып отырмыз. Бірақ дамылсыз көшіп жатқан құм бой бермей тұр», – дейді Исатай ауылының әкімі Аслан Ғұбаш.
Құм басу қаупі төніп тұрған ауылдардың қатарында Зинеден, Сағыз, Қарабау, Нарын, Қаракөл, Жасқайрат елді мекендері бар.
Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиеваның айтуынша, соңғы 10 жылда облыста құм көшкіні белең алып бара жатыр.
«Сексеуіл егу жұмыстары тапсырылған «Қайсар» ЖШС кепіл хат беріп, алдын алу бағытындағы жұмыстарды аяқтауға уәде етті. Жұмыстар нәтижелі атқарылмаған жағдайда сотқа жүгінеміз. Ал егер Исатайда қолға алынған жұмыс жемісін берсе, шағылға көмілген елдімекендердің іргесіне сексеуіл егу жалғасатын болады», – деді Нұргүл Қалиева.
Жалпы, құм көшкіні бүгін ғана пайда болған проблема емес. Осы ретте біз ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаевтан мәселеге байланысты пікірін сұрап көрдік.
«Құм көшкінін тоқтатудың екі амалы бар. Біріншісі – ауылды біртіндеп қолайлы аймаққа көшіру. Екіншісі – жауапкершілікті қолға алып, нақты шаралар қабылдау. Бұл екі жолдың екеуі де орасан қаржыны қажет етеді. Бірақ ауылдарды бәрібір құм көшкінінен құтқару керек», – дейді профессор.
Ғалымның пікірінше, сексеуіл егумен бірге, ауылдардың маңын жасыл оазиске айналдыру да маңызды.
«Құм басу проблемасы осыдан біраз жыл бұрын Маңғыстау облысында болды. Маңғыстаулықтар Алматыдағы География институты ғалымдарымен бірлесіп, үлкен жұмыс атқарды. 2007 жылы Маңғыстау облысындағы Сенек ауылының маңында шамамен 400 гектардай тоғай пайда болып, құмның жылжуы тоқтатылды. Осылайша, Маңғыстаудың шөл даласында тұңғыш рет бір ауылдың маңы жасыл алқапқа айналды», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Б.Таубаев.
Иә, қазір Атырау облысында ауылдардағы құм көшкінін тоқтату үшін сексеуіл егу, ағаштардан қорған тұрғызу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ әңгіме жұмыстарды үйлестіруі тиіс мердігер мекеменің істі салғырт ұйымдастыруында болып отыр. Сексеуіл егу басқа да, оны күту – басқа жұмыс.
«Мәселен, мердігер мекеме былтыр ауылға сексеуіл егіп кетті. Бірақ ол суарылмады. Суаруға өзіміз араласайық десек, ауылда техника жоқ. Ал мердігер мекеме жауапкершілік алғаннан кейін, ағашты егумен шектелмей, оны суарып, әрі қарай өсуіне де жауапты болуы керек», – дейді Зинеден ауылының әкімі Ерлан Ескендірұлы.
Қалай десек те, құм көшкінін тоқтатуға қалың өскен ағаш көмектесе алады. Мердігер мекеме ағашты еккен күннің өзінде, әрі қарай оған күтім тұрақты көрсетілуі керек. Осы ретте шалғай ауылдарды қажетті техникамен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмаса дейміз.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА