Нарықта бидай бағасы тым төмендеп кеткені шаруалардың шымбайына батып тұр. Алайда қысы-жазы дамыл таппай еткен еңбегі құр босқа кетіп, көк тиын құны қалмаған шаруалар шарасыз қалып, банкротқа ұшырауы мүмкін екенін айтып дабыл қағып отыр...
Түйінді мәселе осыған дейін Парламент пен Үкіметте де талай көтерілген. Нан бағасы шарықтап, әр өңірде 150, кей аймақта 180-200 теңгеден саудаланып жатыр. Бірақ мемлекеттік органдардың тарапынан жүгенсіз кеткен бағаны бақылауға алып, тосқауыл қойғаны байқалмайды. Ұнның құны да қарапайым тұтынушының қалтасын қағып тұр. Бірақ астықты аймақтарда бидай бағасы тым төмен бағалануда. Бұл орайда Ресейден келетін контрабандалық астықтың елімізге өтуіне қатаң тыйым салынғаны да есте. Бірақ аймақтағы шаруалар іс жүзінде бәрі де керісінше болып жатқанына қапалы.
Сарапшылардың деректеріне сенсек, күн сайын Ресейден мыңдаған автокөлікпен ағыла жеткізіліп жатқан арзан бидайдың сапасы қазақ бидайына қарағанда әлдеқайда төмен болғанымен, жергілікті шаруаларды шаш-етектен шығынға батырған. Қазіргі бағасы шамамен 60-65 мың теңге сомасында ғана саудаланып жатқан ресейлік бидай елдегі ұн өндірушілердің де жағдайын ушықтыра түскен. Ақмола облысы Атбасар ауданында ондаған жылдан бері ұн өндірумен айналысатын Динмагомед Асаев та бидай бағасының шектен тыс құлауының салдарынан ұн өндірісі мүлде тоқтап қалғанын ашына жеткізді. Оның айтуынша, бағаның төмендігінің салдарынан мыңдаған тонна астық өнімдері құр босқа жатып, сапасын жоғалтуда.
– Үкімет тыйым салғанымен, Ресейден Қазақстанға автокөлікпен бидай ағылып жатыр. Өйткені Ресейдегі бидай бағасы бізден де төмен. Оны өткен айда Ресейге шыққанда өз көзіммен анық көрдім. Ресейден келіп жатқан бидай мен ұн біздегіге қарағанда әлдеқайда арзан. Яғни, 60-65 мың теңгеден ғана сатылып жатыр. Баға төмен болғандықтан шаруалар минусқа кетіп, шығындарын жаппаса да бидайын осы 70 мыңның айналасында ғана сатуға мәжбүр. Бұл оны мүлде тақырға отырғызады. Өйткені жанармай, қосалқы бөлшектер, тұқым басқа да қажеттіліктердің бағасы шарықтап кеткен. Өз басым дәл қазір 8 вагон ұнымды өткізе алмай отырмын. Қазір алып кетсе, 8 мың теңгеден болса да сатуға әзірмін. Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан сияқты елдің бәріне де елімізден бидай мен ұн сату тиімсіз болып қалды. Бір жағынан, жергілікті вагондарды қымбатқа қойып, шаруалар мыңдаған доллар зиян шексе, екіншіден, шекара арқылы кеденнен өткізген кезде тағы сорлайды. Салдарынан, барлық астық өндірісі тұралап қалды. Тым құрығанда, шығындарын жабуы үшін бидай 132 мың теңгеден сатылуы керек. Ал мұндай бағаны шаммен іздесең де таппайсың. Бірнеше ай бойы өз диірменімді тоқтатып қоюға мәжбүр болып отырмын, – дейді Динмагомед Асаев.
Д.Асаев бірнеше жыл ішінде ғана ұн өндіруші диірмендердің тұралап, тіпті мүлде жабылып қалғанын да жеткізді. Оның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын елде 128 диірмен болса, қазіргі күні 80-ге жуық қана диірмен жұмыс істеп тұр. Олардың өзі де бидай мен ұн бағасының арзан болуы салдарынан зиян шегіп отыр.
Астық өндіруші компаниялар да астықтың арзандауы салдарынан бидайын өткізу қиынға соғып жатқанын жасырмады. Бұл орайда ресейлік бидай құнының төмен болуы мәселенің басты себебі екенін аграрлық шаруашылық серіктестіктері ашына айтады.
Астрахан ауданында 11 мың гектардан астам егістік алқабына егін салатын Руслан Экажев те бағаның төмендігінен былтырдан бері бидайын өткізе алмай отырғанын алға тартты.
– Расында да, бидайдың бағасы құлдырап кетті. Ресейден жеткізілетін контрабандалық бидай еліміздегі астық өндірісін тұралатып барады. Былтырдан бері бір тонна бидайды да өткізе алар емеспін. Қымбатшылық қос өкпеден қысып тұрған қазіргі күнде диқан қауымы әбден қиналып тұр, – дейді Руслан Экажев.
Өңірдің шаруа қожалықтары өнімдері бидай мен ұн, одан нан бағасының төмендеуіне ресейлік бидайдың ағылуымен қоса, басқа да факторлар әсер еткенін жеткізді. Мәселен, Қорғалжын ауданында егін егетін Бауыржан Әбілов шаруалар күні-түні киік күзетсе де, шығынға батып бара жатқанын жеткізді.
– Ресейден бидайдың толассыз ағылуы елдегі тауар бағасын шектен тыс түсіріп жіберді. Қазір әрі кетсе 70-75 мың теңгеден бағаланып жатқанын естідім. Қазір сата қоятын бидайым да жоқ. Оның үстіне, биыл көктен иімей жаңбыр да жаумай кетті. 18 мамырдан бері жаңбыр болмады. Қатты ыстықтың салдарынан көп егін күйіп кетті. Өз басым 600 гектар егін ексем, соның тең жартысы күйіп кетті. Өнім биыл аз болатын түрі бар. Бір жағынан, киіктерден жапа шегіп отырмыз. Күні-түні киіктерді қуып егінімізді таптатпаудың амалын жасаймыз. Бірақ көп шаруашылықтың егінін таптап кеткені рас, – дейді Бауыржан Әбілов.
Түйінді мәселені «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы былтырдан бері бірнеше мәрте көтеріп келе жатқанын, бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәселеге қатысты нақты әрекет болмағанын айтады.
– Ресейден келіп жатқан контрабандалық бидайдың бағаны түсіргенін былтырдан бері көтергенбіз. Мәселе хат түрінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне де жолданды. Бірақ министрліктегілер бұл тек шаруалардың айтуынан іс жүзінде контрабандалық бидай жөнінде еш әрекет істей алмайтынын жеткізген. Өткен қыстыгүні бидайын өткізе алмай жатқан шаруалар болғанымен, қазіргі күнге палатаға ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Әр ай сайын комитетте жиын болғанымен, мұндай мәселе көтерілген жоқ. Тағы бір мәселе қазір көп егін жауын-шашынның болмауынан әрі қатты ыстықтың салдарынан күйіп кетті. Бұл алдағы егін орағы кезінде тағы көтерілетін мәселе болып тұр, – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлден Темірғалиқызы.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, көктемгі егісте облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 5,2 миллион гектар алқапқа дән салған. Жоғарыдағы факторлардың салдарынан қанша әрі одан шаруалар қандай сападағы өнім алатыны қазірдің өзінде аса өткір мәселеге айналып отыр.
Бұл орайда ел экономикасының негізгі драйвері ауыл шаруашылығының орасан шығынға ұшырап жатқаны Үкімет пен министрлікті қазірден бастап неге алаңдатпайтыны түсініксіз. Шаруалар Ресейден ағылып жатқан арзан бидайға тоқтау болмайынша, мәселе ушыға беретінін айтады. Сондықтан билік шекарамызды шегендеп, отандық ауыл шаруашылығы фермерлеріне қолдау көрсетпесе, істің насырға шабатын түрі бар.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
© коллаж: Елдар Қаба