Жаңа заң 30 тамыздан бастап күшіне енеді. Енді самокат тізгіндейтіндер нені ескеруге тиіс? Электр самокаттардың, шағын электр көлік құралдары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері айқындалды. Енді шағын көлік құралын тізгіндеген жандар жол ережесін бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
"Жыл басынан бері электр самокат, велосипед, мопед жүргізушілерінің қатысуымен 50-ден астам жол-көлік оқиғалары орын алды. Электр самокат жүргізушілеріне жол жиегімен шектеусіз жүруге, жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей, сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге рұқсат етіледі. Электр самокат жүргізушілері жүк тасымалдау ережелерін де бұзбауы тиіс. Қазір Астана қалалық Полиция департаментінің өкілдері қала тұрғындарына жаңадан қабылданатын заңдағы өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, – дейді ҚР ІІМ Астана қалалық Полиция департаментінің аға инспекторы Анар Алтынбекова.
Мамандар ескерткендей, енді мопед айдасаңыз да, самокат тізгіндесеңіз де арнайы бас киім мен басқа да қорғаныш киімдерін кию міндетті. Әсіресе самокатпен жүрген кезде жылдамдықты қадағалап, жол ережесін сақтау қажет. Бұдан былай 18 жасқа толмаған азаматтарға және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігінсіз самокатпен жүруге заңмен тыйым салынады. Парламент қабырғасында бұл заң жобасы қызу талқыланды. Мәжіліс депутаттары бірқатар бастамалар көтерді. Нәтижесінде ұсынымдар ескеріліп, заңға өзгерістер енді.
"Электр самокаттармен жолаушыларды тасымалдауға болмайды. Бұл – жеке көлік түрі. Және қазіргі кезде самокат пайдаланушылар санының артқаны сонша, жаяу жүргіншілердің жолы тарылып қалған секілді. Енді электрлі көлік жүргізушілерінің жауапкершілігі артады. Ереже сақтамағандар заң алдында жауап береді", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева.