Павлодар облысы ТЖД Екібастұзда болған автогаз құю бекетіндегі өрт сөндірілгенін хабарлады.
Облыстық ТЖД-ның мәліметінше оқиға орнынан ер адамның денесі табылған.
«26 шілде күні сағат 13:24-те Екібастұз қаласы Қонаев, 5 көшесінде орналасқан АГҚБ газ құйылған 4 резервуар жанды. Сондай-ақ, оқиға орнында шамамен 40 газ баллон болған. Өрт жақын маңдағы «Феруза» азық-түлік дүкеніне өтіп, шамамен 200 шаршы метр аумақтағы шатыр, сондай-ақ 20 шаршы метр аумақтағы су мұнарасының шатыры өртенді.
Сағат 15:22-де цистернаның жанынан жас ер адамның денесі табылды. Жеке басы анықталып жатыр. Өрт 15:00-де оқшауланып, 15:44-те сөндірілді. Оқиғаның мән-жайы анықталады. Жеке сектор жолдың арғы жағында 100 м астам қашықтықта орналасқан. Тұрғындарды эвакуациялау жүргізілген жоқ», – делінген департамент хабарламасында.
Бұған дейін Екібастұзда газ құю бекетінен өрт шыққанын хабарлаған болатынбыз.