Астана әуежайындағы автотұрақ бағасына 1 тамыздан бастап өзгеріс енеді, – деп хабарлады Әуежай баспасөз қызметінен.
Ресми ақпаратқа сәйкес тамыз айының басынан P1, P2, P3 аймағындағы автотұрақ бағасы 100 теңгеден 200 теңгеге көтеріледі. Ал P4, P5, P6 аймағындағы көлік тұрағының бағасы сағатына 50 теңгеден 100 теңгеге өзгереді.
Сондай-ақ, жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жасалған отырғызу-түсіру экспресс жолағын теріс пайдалану фактілерінің көбеюіне және жолаушылардан келген шағымның артуына байланысты 15 минуттық тегін отырғызу-түсіру жолағына тәулік ішінде үшінші рет немесе одан да көп кірген жағдайда жаңа тариф бойынша 300 теңге төлейсіз.
"Алайда әуежайдағы жабық тұрақтың құны еш өзгеріссіз қалады. Жабық тұрақ ішкі рейстер орындалатын T2 терминалының оң жағында орналасқан. 274 орынға шақталған жабық тұрақтың құны 12 сағатқа 1400 теңге. Тәулігіне 1800 теңге. 12-24 сағат аралығында 2000 теңге", – делінген баспасөз хабарламасында.