Екі Газель көлігімен вагондардан ұрлық жасау кезінде облыстың 8 тұрғыны ұсталған.
Жамбыл облысында вагондарды тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
947
оқылды

Жамбыл облысында вагондардан 80 млн теңгеге аммофос тыңайтқышын ұрлап келген қылмыстық топ құрықталды, - деп хабарлады Рolisia.kz.

«Наурыз-шілде айлары аралығында белгісіз адамдар Шайқорық теміржол стансасындағы  жылжымалы вагондардан алыс, жақын шетелдерге және Қазақстанның басқа өңірлеріне экспортталатын «Қазфосфат» ЖШС өндірген аммофос тыңайтқышын бірнеше рет ұрлаған. Келтірілген залал 80 миллион теңгеден асады. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - делінген ақпаратта.

Мәлім етілгендей, шаралар кешенін жүргізу барысында Тараз стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қауіпсіздік департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, шілденің 22-сінен 23-іне қараған түні Шайқорық стансасында қылмыстық топты құрықтаған. Екі Газель көлігімен вагондардан ұрлық жасау кезінде облыстың 8 тұрғыны ұсталған.

«Олардан 5 тонна 700 келі аммофос, 2 көлік құралы және шаруашылық заттары тәркіленді. Кінәларын мойындады. Ұсталғандардың басқа қылмыстарға қатыстылығын анықтау үшін барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», - делінген полиция хабарламасында.