Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дәретхана шұңқырына түсіп кеткен үш жасар бала мен оны құтқармақ болған он жасар қызды шығарып алды.
Оқыс жағдай 2023 жылғы 28 шілде күні болған. Кешкі сағат 18.45-де Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Талғар ауданының Амангелді ауылындағы әл- Фараби көшесінде дәретханаға бала құлап кеткені туралы хабарлама түскен.
Алматы облысы ТЖД қызметкерлері дереу өрт сөндіру бөлімінен сегіз шақырым жердегі оқиға орнына аттанған.
"Оқиға орнына келгеннен кейін 2020 жылы туған бала қазылған шұңқырға (дәретханаға) құлап, әкесі оны құтқару үшін арқанның көмегімен 2013 жылы туған қызын қазылған шұңқырға түсіргені, бірақ өз бетінше екі баланы көтеріп шығара алмағаны анықталды", – деп хабарлады Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Балаларды шығаруға Алматы облысы ТЖД үш қызметкері мен техникасы жәрдемдескен. Сағат 18.54-те балалар қазылған шұңқырдан сыртқа шығарылып, жедел медициналық жәрдем бригадасы алғашқы медициналық көмек көрсетті.