Кездесуде қоғам президенті Абзал Сапарбекұлы «Отандастар қорының» шеттегі және елдегі атқарған жұмыстары мен жоспарлары туралы айтты.
«Отандастар қоры» қоғамы Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдени орталықтарымен кездесті
870
оқылды

30 шілдеде Өзбекстан Республикасындағы айтулы мереке Халықтар достығы күніне орай Ташкент қаласында орналасқан Қазақ мәдени орталығында қандастармен кездесу өтті.

Хорезм, Бұхара, Науаи, Жызақ, Сырдария және Ташкент облысынан келген мәдени орталық басшылары мен ұлт зиялылары маңызды іс-шарада өзара пікір алмасты.

Кездесуде қоғам президенті Абзал Сапарбекұлы «Отандастар қорының» шеттегі және елдегі атқарған жұмыстары мен жоспарлары туралы әңгіме өрбітті.

 А.Сапарбекұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанда өткен ұлттық құрылтайдағы «Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе – менің жеке назарымда» деген сөзін еске сала отырып,  қандас жастарға, елге көшіп келетін қандастарға арналған мемлекеттік қолдауға кеңінен тоқталды. 

Өз кезегінде, қандастарымыз қазақ мектептеріндегі мұғалімдердің біліктілігін арттыру,  жастардың Қазақстанда ЖОО түсу үшін ҰБТ тапсырудағы қиындықтар, қазақ тілінде кітаптар мен мәдени іс-шараларға деген сұраныстар туралы өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.

Жиын соңында Қазақстан  Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевтың алғысхатымен «Нұрлы жол» газетінің редакторы Ғұламзәкір Юсупов пен «Кенимех таңы», «Тамды шаруагері» газетінің шығарушы редакторы Гүлдана Нарынбетова марапатталды.

Сондай-ақ бірқатар қазақ орталықтарына ұлттық би көйлек топтамалары мен Отандастар қорының «Әр қазаққа бір кітап» акциясы шеңберінде жиналған кітаптар тарту етілді.