Биыл облыста балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында нақты жоспар құрылған.
Жетісулық жеткіншектердің жазғы демалысы
1,004
оқылды

Жетісу облыстық білім басқармасы дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім беру ғылыми-тә­жірибелік орталығының директоры Айбол Қасеновтың айтуынша, биыл облыста балалардың жазғы демалы­сын тиімді өткізу мақсатында нақты жоспар құрылып, соған сай жұмыстар жүргізі­луде.

«Облыс бойынша 8 лагерь 2 маусымнан бастап балаларды демалысқа қабылдап, жеткіншектердің әрбір күнін мәнді әрі сәнді өтуі жолында жұмыс жүргізуде. Жалпыға міндетті оқу қоры жеткіншектерді жазғы сауықтыру лагерімен қамтуды басты назарда ұстап отыр. Демалыспен қамтылуға тиіс 13 838 баланың 7961-і маусым айы мен шілде айының 24-і аралығында лагерьлерге барды. Та­мыз айының соңына дейін тағы 5832 баланы тынықтыруды  жоспарлап қойдық. Облысымыздағы қосымша білім беру мекемелері: Оқушылар сарайы, Балалар шығармашылық орталықтары, Өнер мектептері, Балалар мен жасөс­пірімдердің туризм және өлкетану орталығы сынды мекемелерде  балалардың жазғы демалы­сын ұйымдастыру мақсатында ақысыз күндізгі «Балдәурен» лагерьлері құрылып, жұмыс істеуде. Онда төрт ауысымда 6 жастан 12 жасқа дейінгі 3 мың­нан аса бала демалды», – дейді Айбол Батырболұлы.

Жазғы демалыстарын көңілді өткізіп жатқан жетісулық жеткіншектер  «Туған жер» бағдарламасы аясында Теке­лідегі тарихи маңызы бар  археологиялық ескерткіштерге, петроглифтерге, Қонаев қаласының маңында орналасқан Көшпенділер қалашығына, Есік көлі, Түрген шатқа­лы, Көлсай және Қайыңды көлдеріне, «Алтынемел» ұлттық саябағына сая­хаттаған.

Жетісуда балалардың  жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы  өткізуі үшін  2024-2026 жыл­дар аралығында 4 балалар сауықтыру орталығын салу жоспарланыпты.

Болат Абаған,

Жетісу облысы