Өткен жылы Текелі қаласында «Алтын Адам Жетісу шеберлер орталығы» қоғамдық бірлестігі ерекше қажеттілігі бар балалар үшін «Мамания өнер мектебі» орталығын ашқан еді. Орталықта балалар жыл бойы өнердің оншақты түрін меңгеріп, шеберліктерін шыңдайды. Жақында осы мектептің бір жылдығына орай орталықта мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына арналған қолөнер және тігін ісінің тегін үйірмесі жұмысқа кірісті.
Орталықтың Текелі қаласындағы филиалы директоры Наталья Пактың айтуынша, балалар мұнда жыл бойы кескіндеме, сурет салу, бисермен кестелеу, фетрмен тігу, моделдеу, киіз басу, фотоаймақты безендіру сияқты істердің қыры мен сырына қанығып, оқып-үйреніпті. Енді, міне, орталықта сол жеткіншектердің аналарына да жағдай жасау қолға алынған.
Ерекше қажеттіліктері бар балалардың аналарына арналған жаңа жобаны іске асыру үшін қоғамдық бірлестік Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде облыстың үкіметтік емес ұйымдарына арналған «Жаңа бастамалар – жаңа мүмкіндіктер «әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі» конкурсына қатысты. Ақшалай грант ұтып алып, сол қаржыға 2 тігін машинасы, 2 үтік, үтіктеу тақтасы, сызғыш, кесуге арналған кілемше, ноутбук және МФУ сатып алыпты.
Бір жыл барысында балаларының бойындағы, мінез-құлқындағы оң өзгерістер мен алға ілгерілеушілікті көрген ата-аналар күнделікті күйбең тірліктен бір сәт дамылдап, пайдалы дағдыларды игеріп, шығармашылықпен айналысқанды жөн көреді. Осылайша, арт-терапия мен жаңа кәсіп меңгеру, өзара бір-бірімен араласу, әлеуметтену сырт көмекке мұқтаж балалардың ғана емес, олардың жақындарының да жағдайының жақсаруына оң ықпал етіп отыр.
– Бүгінгі таңда орталыққа қырыққа жуық адам келеді, олардың ең үлкені – 37 жаста, ең кішісі жақында бес жасқа толды. Тәлімгерлер әр баланы қойылған диагнозына сәйкес дағдыға үйретеді. Нәтижесі ап-айқын, біздің жеткіншектер көпшіл бола бастады, басында олар өте томаға-тұйық еді. Көп сөйлемейтін, тіпті бір-бірімен де араласпайтын. Өйткені олардың басқалармен байланысу аумағы негізінен үйде, емханада, оңалту орталығында ғана болатын. Қазір орталықта олар ұсақ моториканы, қиялын, шығармашылық қабілеттерін, талғамдары мен әлеуметтік дағдыларын, шыдамдылығын, табандылығын, дәлдігі мен зейінін дамытады. Ата-аналар балаларының күлімсіреп, көңілді жүретінін, өзара достасып алғанын айтады. Шығармашылық жұмыспен қатар, туған күн, басқа да мерекелерді бірге тойлап, түрлі іс-шараларға қатысады, – дейді орталық директоры.
«Мұндағы тәрбиеленушілер қалалық және облыстық сәндік-қолданбалы өнер көрмелеріне қатысып, өңірлік конкурста қайта өңдеу жобасын ұсынған, сондай-ақ Текелі қаласында «Дармарку» - заттарды тегін тарату акциясын өткізді. Үлкенді-кішілі марапаттар балаларды ынталандырады дейді мұғалімдер.
Болат Абаған,
Жетісу облысы.