Елімізде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын адамдардың саны 38%-дан асады (7,5 млн-нан астам адам).
Үкімет отырысында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері қаралды
1,226
оқылды

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері қаралды.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, республикада жыл сайын 1,2 млн адамды, оның ішінде 500 мың ауыл тұрғынын қамтитын түрлі деңгейдегі 25 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіледі.

Жалпы, бүгінде елімізде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын адамдардың саны 38%-дан асады (7,5 млн-нан астам адам).

Үкімет басшысы спорт пен белсенді өмір салты ұлт денсаулығының кепілі ғана емес, сонымен қатар әр адамның таланты мен қабілетін ашатынын атап өтті. Бұл әсіресе жас ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды. 

Осыған байланысты ол халықтың бәріне бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бұқаралық және тұрақты спорттық іс-шараларды ұйымдастыру арқылы азаматтарды спортпен шұғылдануға міндетті түрде тарту қажеттігін айтты.

Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту бойынша түрлі бағдарламалар мен жобаларға қарамастан, көптеген жүйелі мәселелер шешімін таппағанын атап өтті. Мәселен, ақпараттық кеңістікті мониторингтеу нәтижесінде шілде айының өзінде ғана осы саладағы проблемаларға қатысты халықтан көп шағым түсетіні анықталды. 

«Мысалы, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кентінде 2020 жылы жөнделген стадион құлап жатыр. 3 жыл ішінде бұл объект жарамсыз болып қалды десе де болады: футбол алаңы мен жүгіру жолдарынан бастап трибуналар мен киім ауыстыратын бөлмелерге дейін жарамсыз күйге түскен», – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол Қарағанды облысындағы Шұбаркөл көмір вахталық кентінде спорт залы қирап қалғанын атап өтті. Ал Ақтөбе облысының Шиқұдық ауылындағы Теректі мектебінде спортзал жоқ.

«Бізде спортзалдары жоқ мектептер тек шағын ауылдарда ғана емес, сонымен қатар ірі қалаларда әлі де көп. Дене шынықтыру мұғалімдері мен кәсіби жаттықтырушылар жетіспейді», – деді Премьер-министр. 

Сонымен қатар Премьер-министр жұмыс істеп тұрған спорт нысандарының инвентаризациясын аяқтап, олардың қажеттіліктерін айқындаудың маңыздылығын атап өтті.

«Біз әрі қарай жұмыс істеуге қай нысанның мүмкіндігі бар екенін, қайсысы күрделі жөндеуді қажет ететінін, қанша спорттық құрал-жабдықтар қажет екенін нақты білуіміз керек», – деді ол.

Үкімет басшысы сондай-ақ өңірлерде саябақтарды, көшелерді, жағалаулар мен тұрғын үй аулаларын тренажерлармен, спорт алаңдарымен жабдықтауға ерекше назар аударуды талап етті.