Жексенбіде Түркияда жол апаты болып, зардап шеккен қазақстандықтардың бірі ауруханада көз жұмғаны хабарланған еді. Қайғылы оқиғадан маңғыстаулық заңгердің қаза тапқаны белгілі болды, – деп жазады Lada басылымы.
Басылымның жазуынша, маңғыстаулық заңгер Кенже Мұңайтпасұлы Түркиядағы жол апатынан көз жұмды. Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасы президиумының төрағасы Бауыржан Мұсаев марқұм туралы еске алып, жақындарына көңіл айтты.
Басылым мәліметінше, қаза тапқан Маңғыстау тұрғыны 49 жаста, ол облыстық адвокаттар алқасының адвокаты болған. 2018 жылдан бері адвокаттық қызметпен айналысқан. Ол 2002-2013 жылдар аралығында прокуратура органдарында жұмыс істеген.
"Кенже Мұңайтпасұлының қайтыс болғаны туралы хабар бізді қатты қайғыртты. Осы қиын сәтте өкінішімізді жеткізу үшін көңіл айту жеткіліксіз. Ол өте принципшіл, адал заңгер, ерекше кәсіби маман болды. Оның өмірден өтуі – біздің қоғам үшін орны толмас қайғы. Оның таланты мен жанкештілігі ешқашан ұмытылмайды. Кенже Мұңайтпасұлының отбасына достары мен туыстарының қолдауы қайғыны еңсеруге көмектеседі деген ойдамын", – деді Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасы президиумының төрағасы Бауыржан Мұсаев.
Айта кетейік, СІМ 30 шілде күні таңертең Аланияда шағын автобус жол-көлік апатына ұшырағанын, оның ішінде Қазақстанның 12 азаматы болғанын хабарлаған еді.