Астана қаласында «Мектепке жол» республикалық акциясы бойынша Білім басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесіп, демеушілік қаражаты есебінен әлеуметтік осал санаттағы 8 500-ден астам баланы қамтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлім етті,- деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Акция 1 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін жоспарланған. Биылғы акция «Жақсылықты жаса!» ұранымен басталды.
«Материалдық көмекті көпбалалы отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушылар ала алады. Егер отбасы аталған санаттарға жататын болса, онда балалардың ата-аналары мектепке растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Қандай құжаттарды тапсыру керектігі туралы ақпаратты мектептер ұсынады», - дейді басқарма басшысы.
Азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін білім беру ұйымдарында «Жедел желі», «Сенім» телефондары (55 69 60, 55 68 51) және қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді.
5 тамыздан бастап қаланың барлық аудандарында балаларды мектепке дайындау үшін жәрмеңкелер ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Астана қаласының аудан әкімдіктері мен Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бірлесіп, Байқоңыр ауданында Аймақтау сауда орталығы, Нұра ауданында цирк тұрағы, Сарыарқа ауданында Қосшығұлұлы көшесі, 14 үй, Алматы ауданында Абылай хан көшесі, 20 үй, Есіл ауданында «KIDS EXPO. EXPO халықаралық көрме орталығында» мектеп жәрмеңкесі 2023 жылдың тамыз айының демалыс күндеріне өткізу жоспарланып отыр. Қазір дайындық жүріп жатыр.
«Мектепке жол» акциясы бойынша Астана қаласы әкімдігі бірнеше іс-шара жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Жалпыға міндетті білім беру бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар, отбасыларда тұратын жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар және басқа санаттағы, яғни, қиын жағдайға тап болған отбасылар, оның ішінде мүгедек балалары бар жағдайы төмен отбасыларға (мектеп киімдерін, аяқкиімдерін және мектепке қажетті кеңсе тауарларын сатып алу үшін) ақшалай көмек көрсетіледі.
«Биыл Астана қаласы бойынша 22 700 балаға көмек көрсетіледі. Оның бірінші бағыты бюджет қаражаты есебінен 14 200 балаға көмек берілетін болады. Ол көмекті алу үшін ата-аналарға мектепке барып өтініш жазып, банкте арнайы шот ашуы қажет (несиелік қарызы жоқ және бұғатталмаған банктік картаның 20 таңбалы нөмірін ұсынады). Жоғарыда аталған отбасынан шыққан балаларға биыл жалпыға міндетті оқу қорынан көрсетілетін қаражаттың көлемі 41 мың теңгені құрайды. Ол – балаларды мектепке дайындауға арналған қаражат. Осыған байланысты, ата-аналардан берілген қаражатты тиесілі мақсатта балалар үшін жұмсалуын сұраймыз», - дейді басқарма басшысы.
Айтуынша, Білім басқармасы осы мәселе бойынша білім беру ұйымдарының басшыларымен түсіндіру жұмысын жүргізді.
Қазір жалпы білім беретін мектептер әкімшіліктері халықтың мұқтаж санаттарының тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде.