Оларға 36 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Шымкентте Білім басқармасының лауазымды тұлғалары сотталды
3,069
оқылды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Білім басқармасының мамандары А.Шиндаулов пен М.Мейірбековке қатысты үкім шығарды, деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

Аталған адамдарға 36 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Олар субсидиялау шарттарына кедергісіз қол қойғаны үшін 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі сомада мектепке дейінгі мекемелердің басшыларынан жүйелі негізде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сотталғандар мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сонымен қатар Департамент білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау барысында бюджет қаражатын жымқыру схемасын анықтады. Мәселен, екі қалалық мектептің бухгалтері 2020-2023 жылдар кезеңінде өзінің жеке шотына мектеп қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қорына бөлінген 67 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз аударған.

Жымқырудың ұқсас схемасы №2 мектепте қолданылды, онда 6 жылдан астам уақыт бойы директор, бас менеджер және бас бухгалтер бірлесіп жұмыс істеген.

Сонымен бірге  мектеп директорлары мен олардың қарамағындағылардың командалық қозғалысы айтарлықтай жемқорлық тәуекелдеріне алып келеді.

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қалалық білім беру саласындағы бұзушылықтардың алғышарттарын жою бойынша тиісті ұсынымдар енгізді.

Бүгінде келесі нәтижелерге қол жеткізілді:

1. Бейінді басқармалар тарапынан мониторинг түріндегі білім беру мекемелерін негізсіз тексеру мүмкіндігі алынып тасталды;

2. Мемлекеттік білім беру тапсырысын алушылар тізбесіне енгізу жөніндегі Комиссия мүшелерін жасанды ұлғайту схемасы жойылды;

3. gosreestr.kz электронды  алаңды айналып өту үшін үй-жайларды жалға беру практикасы тоқтатылды. 54 мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды;

4. Тек бір компания мектеп асханаларын цифрландыру бойынша қызметтер көрсеткені аясында Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті бәсекелестікке қарсы шарттарды бұзу бойынша ұйғарымдар енгізді.