Астананың жедел уәкілдері интернет-алаяқтардың нұсқауы бойынша жұмыс істеген «курьерді» тәулік ішінде анықтап, ұстады.
Polisia.kz-тің мәліметінше, дроппер негізінен елорданың қарт тұрғындарының үйіне барып отырған. 85 жастағы әйел полицияға арызданып, белгісіз жігітке 1 млн 600 мың теңге бергенін айтқан.
Зейнеткердің айтуынша, оған бір ер адам қоңырау шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған. Содан кейін ол әйелдің немересі жол-көлік оқиғасына себепші болғанын айтып, жағдайды реттеу үшін ақша талап еткен. Тұрғын ақшаны үйіне келген курьерге берген. Алайда біраз уақыттан кейін бұның алаяқтардың айласы екенін түсінген.
Алаяқтар 65 жастағы зейнеткерді де алдаған. Әйел дропперге 1 млн 400 мың теңге беріп жіберген. Осы схема бойынша қаланың тағы бір 85 жастағы тұрғыны алданып қалды. Ол алаяқтарға 3 млн 700 мың теңге берген.
– Күдікті құрықталды. Тергеу барысында оның Telegram қосымшасында хабарландыру көріп, сол арқылы «курьер» болып жұмысқа тұрғанын анықтадық. Ол интернет-алаяқтарға алданған зейнеткерлерден ақша әкетіп отырған. Қолма-қол ақшаның белгілі бір бөлігін өзіне қалдырып, қалған бөлігін банк деректемелері арқылы шетелге жіберген. Қазіргі уақытта ұсталған жігіт уақытша ұстау изоляторында, – деді Астана қаласы ПД «Алматы» ауданы ПБ аға жедел уәкілі Алтынхан Мухиддинов.