Инені үнемдеп пайдаланған дәрігерлердің қателігі
©Индира мен Дастан
Әлсіздеу болып туған Дастан 1 жас 5 айлығында бронхит, жарты жылдан соң пневмония болып ауруханаға түскен. Осы жолы жаппай балаларды тексеру кезінде Дастанның қанынан да әлдебір күмәнді нәрсе табылған.
[caption id="attachment_25408" align="alignright" width="368"] ©Индира Отжанова[/caption]
«Кейін тренингтерге қатысып, шетелдерге шығып, осы індет туралы зерттей келе «қайдан жұқты, қалай болды» дегенді ойлаймын ғой. Ота жасамады, кототер қоймады. Ине салу мен системадан жұғу мүмкіндігі төмен. Ендеше неден болуы мүмкін? Әлде, перзентханада БЦЖ екпесін салғанда жұқты ма екен деген ой келеді. Себебі вакцина адамның тірі плазмасынан жасалады. Осы зат тексерілмеген адамнан алынды ма? Ошақ сол жерден шықты ма екен? Бірақ ол кезде медицина құлдырап тұрған. Барлығын да үнемдейтін. Бір системаны 2 балаға инесін ауыстырып сала беретін. Тіпті, кейін екеуара әңгімеде бір медбике шприцтерді өздеріне алып қалу үшін онсыз да жетпей жатқан инені үнемдеп пайдаланатынын айтты. Иә, қалай болғанда да бұл Алланың бізге берген сынағы болар деп қабылдадық», – дейді Индира Отжанова.
Бөбегінің дерті жанын қоярға жер тапқызбай жүргенде 1,5 айдан соң өзінің де баласы арқылы жұқтырып алғанын естіген ол, сабырлығының арқасында болса керек, жұрт секілді байбалам салмай-ақ қабылдаған. Ата-енесіне, жұбайына болған жайтты баяндағанда, олардың көзқарасы өзгере бастапты. Ашық айтпаса да әрбір әрекеттері, туыстарының үйге келмей қалуы, жолдасының үйінен қашқақтай беруі Индираға қатты соққы болады.
Дегенмен ананың бар ойы баланың денсаулығы, оны аман алып қалу еді. Себебі оның дерті қатты асқынып тұрған. Бір тамшы қанда 2 миллионнан астам вирустық жүктеме болған. Шымкенттегі «Ана мен бала» орталығында 20 күн жатып ем алады. Бәрібір сәбиге әлі де ұзақ және тиянақты ем қабылдау қажет. Бір күні өзі де науқастанып қалып, Кентау қаласындағы ауруханаға барғанда мұндағылар қабылдамайды. «Шымкенттегі өзіңнің ауруханаңа бар» деген ауыр сөзді естігенде онсыз да отбасынан жылулық таппай жүрген ана «біздің орнымыз бұл жақта емес екен» деген шешімге келеді.
Оның үстіне, қала әкімдігінде, мектепте, одан соң телевидениеде жұмыс істеп, іс-шараларда жүргізуші болғаны, яғни қалаға аз да болса танымалдығы тағы бар. «Иә, алғашында ары кетсе 5 жылдан соң өліп қалады деген дұрыс емес ақпарат көп болды. Ауруханада жатқанда адамдармен сөйлесу және қор қызметкерлерін тыңдау арқылы өмірмен күресуді үйрендім. Үйде жылап жата бергеннен гөрі, өзім сияқты осындай дертке душар болғандармен жұмыс істеу, солардың ортасында болу мен үшін қолайлы еді», – дейді ол. Осылайша, сол кездегі облыс орталығына көшуге бел буады.
[caption id="attachment_25414" align="alignleft" width="464"] ©Дастан анасымен бірге[/caption]
Қайын ағасы қолдау білдіргенімен, жолдасы әке-шешесінің жанында қалатынын айтқан. Ал Индира ешкімге ренжіместен, баласының болашағы үшін сәбиін құшақтап Шымкентке көшіп кетеді. Мұнда «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоғамдық қорында, үкіметтік емес ұйымдарда волонтер, әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істей жүріп, нәпақасын тауып қана қоймай көптеген адаммен сөйлесу арқылы өмірге бейімделе бастады. «Өміріміздің көбі ауруханада өтті, жарты ай үйде болсақ, жарты ай ауруханада жүрдік. Менің бар ойым баламды емдету, қарау, қадағалау болды. Біреуді соттатып, не болмаса ол үшін өтемақы төлетуге бас ауыртып, уақыт жоғалтқым келген жоқ. Қазір шүкір, үздіксіз дәрі қабылдаудың арқасында өзімде де, ұлымда да 1 тамшы қанда бар болғаны 34-35 вирустық жүктеме бар. Иммун тапшылығы да жоғарылаған», – дейді Индира әңгімесінде.
Индира педагогикалық білімімен қоса психология мамандығын меңгеріп алып, өзі де «Жан жолдас» қоғамдық қорын құрған. Негізгі жұмысы – осындай дертке шалдыққан жандарға қол ұшын беру. 10 жыл бойы түрлі жобаға қатысып, ауыл мектептеріндегі психологтардың білімін жетілдіруге атсалысады. Тіпті, ауылдағы ұлттық бірыңғай тест алдында тұрған жоғары сынып оқушыларына семинар-тренингтер өткізіп, олардың құлшынысын оятады.
«Жан жолдас» қоры дәл қазір ешқандай жобамен жұмыс істеп жатқан жоқ. Бірақ мүшелерімізбен бірге топтар арқылы кез келген мәселеде көмек сұрағандарға қолдау көрсетеміз. Шүкір, қазір АИТВ инфекциясы бойынша елімізде жағдай бірқалыпты. Мемлекет тарапынан тиісті дәрілер дер кезінде беріліп жатыр. Негізінен, бұл дерттің ең басты мәселесі – дәрі. Мамандардың нұсқаулығы бойынша тиісті дәріні күн сайын дер кезінде ішіп жүрсең, денсаулығы мықты адамдарша жұмыс істеп, өмір сүре бересің.
Әрине, күйзеліс, ішімдік дегеннен аулақ болған жөн. Салауатты өмір салтын ұстанып жүрсе, еш қиындығы жоқ. Психологияны көп оқып, жалпы өмірдегі тәжірибемде байқағаным, адам өзінің осындай дертке шалдыққанын білгенде қатты күйзеліске түсіп кетеді де өзін тастап жібереді. Сәл уақытта өлемін ғой деген ой пайда болып, өзін тастағандар шынында да өмірімен тез қош айтысады екен. Жалпы, бұл дерттің өзі де – психосоматика. Яғни, өз-өзіңді моральдық және психологиялық тұрғыда қолдап, дәріні уақытылы ішіп жүрсең болғаны», – дейді Индира.
Дастанның інісі өмірге келеді
Бүгінде 8-сыныпта оқитын Дастан өзінің дерті туралы 5 жасынан бастап біле бастаған. «Неге мен дәрі іше беремін? Қашан тоқтатамын?» деп анасынан сұрай бастаған соң, жайлап қанында бір вирус бар екенін айтып түсіндірген. «Витаминка» мультфильмін бірге көре отырып, түсіндіріпті. 10 жастан асқанда АИТВ жұқтырғанын, анасына да осы дерт жабысқанын білген .
«Бұл сенің өміріңе кедергі жасайтын нәрсе емес, тек өмір салты деп айттым. Жалпы, өзім педагог болған соң шай үстінде мұндай індеттің қалай, неден жұғатынын жаймен айтып отырамын. Досым ретінде ашық сөйлесеміз. Сырттан толық емес ақпаратты естіп, әр жерден мәлімет іздеп жүргенше өзімнен естігені дұрыс. Мінезі тұйықтау. Бұл тақырыпты онша қозғағысы келмейді. 2 мәрте бағдарламаға шықты да кейін қарсылық білдірді. Әркімнің сұрақ қоя беретіні жақпаса керек», – дейді анасы.
Әрине, қанша жерден өмір салты деп қарағанымызбен, баланың кейбір қызығушылығын шектейді. Каратэге қатысып көріпті, жаттығудан терлеп шыға беретін болған соң, жиі ауырып қала берген. Сондықтан бұл қызығушылықтан бас тартып, сурет салу үйірмесіне қатысқан. Ақпараттық технологияға бейімділігі бар. «Дастан папасынан ешқашан қол үзген емес. Кішкентай кезінде де келіп, ойнатып кететін. Қазір жазғы демалыста үнемі ауылда болады. Ата-енеммен де байланысып тұрамын. Ол кісілерді де түсінуге болады. Кезінде барлық жерде де дұрыс емес ақпараттар болды ғой», – дейді Индира.
[caption id="attachment_25405" align="alignnone" width="1024"] ©Индира мен Дастан[/caption]
Индираның тағы бір ерлігі – бүгінде екінші сәбиін өмірге әкелуге бел буған. «Жақын күндері Дастанның інісі өмірге келеді», – дейді ана жүзіндегі қуанышты жасыра алмай. Өмірінде көрген қиындықтарынан соң өзіне қамқор болар ер азамат қол созғанда келісімін беріпті. Бүгінде жұбында ондай дерттің белгісі жоқ. Өмірге де дені сау ұрпақ әкелемін деген үміті бар. «Бұл – үлкен тәуекел. Жоспарымда болмаған еді. Тіпті, 1-2 мәрте түсік те жасаттым. Алайда осыны Алланың берген сыйы шығар деп қабылдадым. Иә, бізде әйелдердің 40 пайызы дені сау бала туады. Кесір тілігін жасатып, баланы емізбеуге шешім қабылдауымыз керек. Оған дайынмын», – дейді ол.
Кейіпкеріміз алдымен балалардың анасымен көп жұмыс істеу керек екенін айтады. Себебі олардың өзінде әлі қоғамнан оқшаулану, бөлектену мәселесі бар. Мұны қабылдап, өзін-өзі дайындап, тәрбиелеп алмай баласына оны түсіндіріп айта алмайды. Ал өз статусын білмеген бала бәрібір дәрі қорабының сыртынан оқиды. Дұрыс емес ақпараттар жинайды. Осылайша, өмірден түңіледі», – дейді ол. Сонымен бірге бұл тақырып неғұрлым жабық болған сайын бұл індеттің қатары да көбейеді. Өзін бөлектеп жүрген адам дәрігерге де көрінбей, ешкімге айтпай үнсіз айналаға жұқтырып жүре беру қаупі туындайды екен.
Жалпы өмірге құлшыныспен қарау көзқарасының арқасында Индираның ағзасындағы вирус өспеген. Ұйқылы жағдайда қалыпты. Дәрігерлер де таңғалған. «Әрине, дәріні қабылдай берудің де өзіндік қиындығы бар. Алғашқы 2-3 айда ағза бейімделгенше, тіпті қиын болады. Дегенмен оны да қабылдауда ішкі сеніміңнің әсері үлкен. Дәрумен ішіп жатырмын деп жеңіл қабылдап, өзіңді сендіруің керек. Сонда жеңіл өтеді. Егер қиын деп ішпей қойсаң, одан да зорға тап болуың мүмкін», – дейді ол.
АИТВ – созылмалы дерт болған соң мемлекет балалар жәрдемақысы ретінде өтемақы төлейді. «Иә, көп те емес, аз да емес. Шүкір баламның қажетіне, дұрыс тамақтануына жарайды. Шындап келгенде, кінәлілер біреуі де келіп, кешірім сұраған жоқ қой. Сондықтан жәрдемақы төлеп жатқанда да дұрыс қабылдадым. Мұнымен мәселе шешіліп қойған жоқ, әрине. Алда талай қиындықтар болуы мүмкін. Келешекте достары бөлектеуі, не болмаса бір қызды ұнатып қалып, ол қабылдамай қою мәселесі де туындауы мүмкін. Ондайда дер кезінде қолдау көрсету қажет», – дейді бұл туралы Индира. Кейіпкеріміз сәбиін қолына алып, аяққа тұрғызып алған соң аналар мен қыздарға кеңес беретін орталық ашуды армандайды. Қазір үйде шығармашылығын дамытып, білімін ұштап жатыр. Бұл жетістіктің бәріне сабырлығының арқасында қол жеткізген.