Бұралқы ит пен мысықты аулайтындар енді өз жұмысының барысын видеоға немесе фотоға түсіруге міндеттелуі мүмкін. Бұл туралы Қазақстан стандарттау және метрология институты баспасөз қызметінен мәлім болды.
Енді бұралқы иттерді аулау процесі міндетті түрде видеоға түсіріледі
514
оқылды

«Иесі жоқ жануарларға қатысты күрделі мәселелер қоғамның жіті назары мен жедел әрекетін қажет етеді. Бұл тұрғыда Қазақстан стандарттау және метрология институты бұралқы иттерді аулау және тасымалдау процесін реттеуге, сондай-ақ иесіз ит пен мысықтарды күтіп ұстауға әрі оларға емдеуге бағытталған тиісті стандарт жобасын әзірледі», - делінген аталған институт мәліметінде.

Енді бұл стандарт келісуден өту керек. Яғни, қоғамнан тиісті ұсыныстар болса, олар аталған стандартқа енгізілмек. Осыдан кейін оны жыл соңына дейін бекіту жоспарланып отыр.

«Жаңа стандартқа сәйкес, енді қараусыз жүрген ит-мысықты аулайтын қызметтер бұл процестің әр кезеңін видеоға немесе фотоға түсіруге міндетті болады. Бұл қадамдар бұралқы иттерге қатысты қатыгездік жағдайларына жол бермеуге бағытталған. Аулау барысында оларды өлтіруге, сондай-ақ қауіпті болатын уланған азық түрлерін пайдалануға тыйым салынады. Сонымен қатар стандарт аясында иесіз жүрген ит-мысықтарды аулау және тасымалдау кезінде қолданылатын препараттарға, құрылғылар мен механизмдерге қойылатын қатаң талаптарды белгілейді», - деп аталып өткен институт ақпаратында.

Сонымен бірге тасымайтын автокөліктердің бөлек торлармен, желдету жүйесімен жабдықталуы тиіс.