ҚР Бас Прокуроры жазғы каникулда балалардың қауіпсіздігін қорғау және бақылау мақсатында демалыс лагерьлерінің қызметін тексеруді міндеттеген еді. Соған сәйкес Қызылорда облысында прокурорлар тексеру жүргізді. Тексеру барысында көптеген бұзушылықтар анықталды.
«Биыл облыста білім беру органдары 8 мыңға жуық оқушыны балалар лагеріне жіберуді жоспарлаған еді. Қазірге дейін 3464 бала демалып үлгерген. Шиелі ауданында орналасқан «Сыр ұланы» лагерінде азық-түліктің ескі дәретхана бөлмесінде сақталғаны анықталды. Сондай-ақ, онда балалар үшін жуынатын душ бөлмесі жоқ. Ал Қазалы ауданындағы «Шағала» лагерінде оқушылар суы лас бассейнде шомылған. Оған қоса микробиологиялық зерттеу нәтижесі бойынша асхана ыдысында ішек таяқшасы анықталған. Сырдария ауданындағы «Жалын» лагерінде төсек-орын жабдықтарын (матрастарды) дезинфекциялау және басқа да көптеген санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталмаған», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық прокуратурасынан.
Ведомство мәліметінше, облыстағы лагерьлердің қазіргі жағдайы жақсы күйде емес. Ғимараттар ескі, олардың кейбіреуі күрделі жөндеуді қажет етеді.
«Қазіргі уақытта уәкілетті органдардың қорытындысы күтілуде. Олардың нәтижесі бойынша құзырлы орган тиісті шараларды қабылдайды. Бұл жұмыстар облыс прокуратурасының бақылауында», – деп толықтырды прокуратура.