Бүгін сағат 13:00 шамасында қыздың мәйіті Үбіс каналынан табылды.
Қызылорда облысында жоғалып кеткен 7 жасар қыздың денесі табылды
14,169
оқылды

7 тамызда Қармақшы аудандық полиция бөліміне Тұрмағанбет ауылының тұрғынынан 7 жастағы қызының жоғалғаны туралы хабарлама түсті. Әкесінің айтуы бойынша, оның қызы 6 тамыз күні кешкі уақытта үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған, – деп хабарлады polisia.kz.

Қыздың ата-анасы және туыстары қызды өз күшімен табуға тырысқан. Алайда іздеу жұмыстары нәтиже бермеген соң полицияға жүгінген. Хабарлама түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері дереу іздеу жұмыстарына кірісті. Жоғалған қызды іздеуге Қармақшы аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы, ТЖД, аудан әкімдігінің қызметкерлері, еріктілер, жалпы 60-тан астам адам жұмылдырылды.

Сондай-ақ қызды табу мақсатында екі дрон пайдаланылды. Бүгін сағат 13:00 шамасында қыздың мәйіті Үбіс каналынан табылды. Мәйіттің денесінде зорлық-зомбылық белгілері байқалмайды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қыз каналға суға батып кеткен. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде, тиісті сараптамалар тағайындалды.