Оқиға өткен жылдың шілде айында болған.
Павлодарда 16 жастағы жетім қызды жабылып зорлаған 3 жігіт сотталды
1,226
оқылды

Павлодарда жетім қызды жабылып зорлағандар сотталды, – деп хабарлайды Pavlodarnews.kz сайты.

 

Аталған іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық отырыста қаралды. Павлодар облысының 19, 22 және 24 жастағы үш тұрғынына қатысты іс қозғалған еді. Олардың барлығы Ертіс ауданында туған.

Соттың шешімімен 19 жастағы тұрғынды 16 жастағы жетім қызды зорлағаны үшін 15 жыл және алты айға бас бостандығынан айырды. Ол өмір бойына педагогикалық қызметпен айналыса алмайды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу алмайды. Сондай-ақ, сотталушыдан жәбірленушіге моральдық зиян келтіргені үшін 8 миллион теңге өтемақы алынатын болады. 

Тағы екі айыпталушы 22 мен 24 жастағы тұрғынды ҚР ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) бойынша кінәлі деп танылды. Олар төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Жазаларын орта қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өткізеді. Үкім күшіне енгенге дейін бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды – қамауда ұстау.

«С. және К.-ға қатысты балама жаза тағайындау және бұлтартпау шараларын қарастыра отырып, сот олар түзелуі қоғамнан оқшауланған жағдайда ғана мүмкін деп шешті. Қыз секіріп кетті. Сіздер ештеңе болмағандай қылмыс орнынан қашып кеттіңіздер. Кінәні ішінара мойындасаңыз да, жедел жәрдем шақырған жоқсыз. Көмек болған жоқ. Барлық іс-әрекеттеріңіз осындай жазаға әкеп соқтырды», – деді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрешісі Бақыт Нұрланов.

Үкім заңды күшіне енбеді. 

Еске сала кетейік, өткен жылдың шілде айында 16 жастағы қыз бала туған күнге барып, отырыстан кейін өзінің әпкесіне үйіне қонуға шыққан. Жолда адасып, әпкесінің таныстарын кездестіреді. Олар оған такси шақырып үйге жеткіземіз деп уәде берген, алайда үш жігіт жасөспірім қызды алаяқтық жолмен пәтерге кіргізіп, зорлаған. Байғұс қыз қорлыққа шыдамай үйдің 10-қабатынан секіріп кетеді. Ол ағаштардың үстіне құлағандықтан аман қалған, алайда қатты зардап шеккен. Бірнеше ай бойы ауруханада жатқан. Екі күдікті өткен жылдың шілде айында, ал үшіншісі қаңтарда қамауға алынды.

Фото: kyn.kz