10 тамызда олардың елге қайтарылатыны белгілі болды.
Оңтүстік Кореяда ұсталған екі қазақстандық елге қайтарылатын болды
918
оқылды

Наурыз айында Корея Республикасына кіруге рұқсаты болмаған екі қазақстандық Инчхон халықаралық ауежайынан қашып кеткен болатын. Қазақстандықтар 3 ай қамауда болған. Ал бүгін, 10 тамызда олардың елге қайтарылатыны туралы белгілі болды. Бұл туралы "Кореядағы Қазақ Қауымы" Instagram-дағы парақшасында хабарлады.

Қоғамдастықтың хабарлауынша, 25 наурыз күні Инчхон әуежайындағы биіктігі 3.6 метр қоршаудан асып, заңсыз қашып кеткен екі қазақстандық елге оралатын болды.

Ведомствоның мәліметінше, сот үкіміне сәйкес, қазақстандықтарға айыппұл салынып, олар елге жіберіледі.

«Екеуі де кінәсін мойындап, туған жерінде отбасын асырау үшін жұмысқа ұшып келгендерін айтқан. Оңтүстік Корея полициясы оларды шекараны заңсыз кесіп өтіп, қашып кетті деп айыптады. Екеуі тергеу уақытында 3 ай қамауда болды. Отандастарымыз жақын уақытта елге қайтарылады», – делінген хабарламада.

Бұл ретте кореялық сотта қазақстандықтардың мүддесін қорғаған заңгер Мейірман Шекеев Instagram-дағы парақшасында бұл ақпаратты растады.

"Бұл Қазақстанның тағы бір халықаралық беделді жеңісі. Енді Кореядағы екі жігіт 3 жылға түрмеге тоғытылмай, айыппұл төлеп, елге қайтатын болды. Барлық мақтау, мадақтау Аллаға тән. Мен тек себепшімін", – деп атап өтті заңгер.

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде Оңтүстік Кореядағы Инчхон әуежайынан 18 және 21 жастағы екі Қазақстан азаматының қашып кеткені туралы ақпарат тараған еді. Кейін олардың бірі ұсталып, екіншісін ұстауға көмектесетін адам табылса, оған 30 миллион оңтүстіккореялық вон (бұл 10,4 миллион теңге) көлемінде ақшалай сыйақы тағайындалатыны хабарланды.

Көп ұзамай Инчхон әуежайынан қашып кеткен екінші қазақстандықтың полицияға өз еркімен барғаны белгілі болды. Сол арада қамалған қазақстандықтардың бірінің әкесі алғаш рет сұхбат беріп, ұлы бар болғаны отбасын асырап, жақындарына қол ұшын бермек болғанын айтты.

Фото: Instagram / @qazaq.alliance.in_korea