Алматы облысында 2002 жылы туған қыз суға түсу үшін белгіленбеген жерде түнде шомылу кезінде суға батып кетті.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға Қапшағай су қоймасында болған. Бір топ жастар суға түсу үшін белгіленбеген жерде «Пионер» демалыс аймағының маңындағы тоғанның жанында демалып жатқан. Жастар алкогольдік мас халде суға түсуге бел буған. Өз күшін есептей алмаған бойжеткен тереңге дейін жүзіп, суға батып кеткен.
"Бұл су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан болған. Қауіпсіздік ережелерін бұзған 5 азамат Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – делінген ТЖД хабарламасында.
Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті ескертулер мен тыйым салу белгілері бар, ескерту тақталары ілінген жерлерде суға түсуге, сондай-ақ жүзуге жабдықталмаған, бейтаныс жерлерде суға түсуге қатаң тыйым салынатынын ескертеді.