Облыс аумағында 70 қауіпті аймақ бар.
Шомылу маусымы басталғалы Атырауда 9 адам мерт болған
844
оқылды

Шомылу маусымы басталғалы бері Атырауда 9 адам мерт болған. Оның ішінде 2 бала да бар. Қазіргі уақытта құтқарушылар тағы бір баланы іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Бақыт Аблановтың айтуынша, жазатайым оқиғалардың дені  шомылуға тыйым салынған қауіпті учаскелерде тіркеліп отыр. Спикердің айтуынша, қазірдің өзінде облыс территориясында осындай 70 қауіпті аймақ бар.  

«Жыл басынан бері облыс бойынша су айдындарында 11 адам қаза тапты, оның төртеуі кәмелетке толмағандар. Сонымен бірге құтқарушылар 7 адамды құтқара алды. Кеше ғана Атырау қаласындағы Жайық өзенінде соңы өліммен аяқталған жағдай тіркелді. Статистика көрсеткендей, судағы төтенше жағдайлар қауіпсіздік ережелерінің талаптарын орындамау салдарынан болады. Ересек тұрғындар негізінен мас күйінде шомылу, сондай-ақ өз күштерін асыра бағалау салдарынан қайтыс болады. Кәмелетке толмаған балалар көп жағдайда ересектердің бақылауынсыз қалып жатады, – деп атап өтті Бақыт Абланов. 

Баян Жанұзақова