Атырау облысында 8 тамыздан бері Мұқыр ауылынан қалаға аттанып, із-түзсіз жоғалып кеткен 33 жастағы Азамат Табынбаев іздестірілуде.
"Телефонмен хабарласып, өзін ұрып-соққанын айтқан": Атыраулық ер адам жұмбақ жағдайда жоғалып кетті
2,342
оқылды

Атырау облысында 8 тамыздан бері Мұқыр ауылынан қалаға аттанып, із-түзсіз жоғалып кеткен 33 жастағы Азамат Табынбаев іздестірілуде. Оның жоғалуына қатысты мән-жайды ер адамның әпкесі айтты. Бұл ақпаратқа қатысты облыстық полиция департаменті пікір білдірді, – деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымы.

 

Жанаргүл Төремұраттың айтуынша, қалада тұратын және сонда жұмыс істейтін ағасы Азамат тамыздың 8-і күні Мұқыр ауылынан Атырауға кеткен. Соңғы рет олар сол күні кешке телефонмен сөйлескен.

Әңгімелесу барысында ер адам ауыл жігіттерімен арада кикілжің болып, олар өзін ұрып-соққанын айтқан. Сондай-ақ ол Атыраудағы вокзалда жүргенін, таксиге отырып, Нұрсая ықшамауданындағы үйіне қайтуды жоспарлап отырғанын жеткізген.

Сәлден соң әпкесі қайта звондаған. Бастапқыда қоңырау барып тұрған, кейін телефон өшіп қалған. Келесі күні, 9 тамызда жас жігіттің туыстары алаңдап, оның жоғалып кеткені туралы арыз жазған.

"11 тамыз күні күйеуім полиция бөліміне барды, ондағылар ағамның ұялы телефоны Қызылқоға ауданында екенін жеткізген. Біз достарымыз бен туыстарымыздың барлығынан сұрап шықтық, оны ешкім көрмеген. Әлеуметтік желіде көмек сұраған жазбалар жариялаған болатынбыз, бірақ әзірге хабар жоқ. Учаскелік полиция қызметкері ағам 8 тамыз күні Атырауға келмегенін айтты. Бұл қалай болды? Ол маған Атыраудан телефон соқты ғой!", – дейді Жанаргүл.

Ал Атырау облыстық полиция департаменті болса, тәртіп сақшылары жоғалған азаматтың туыстарына оның ұялы телефоны соңғы рет қай жерде қосылғанын түсіндіргенін атап өтті. Жоғалған Азамат Табынбаевтың абоненттік нөмірі туралы ақпаратты тексеру барысында базалық станция 8 тамыз күні сағат 18.26-да Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы аумақты көрсеткен. Бұдан өзге деректер жоқ. Тәртіп сақшылары іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Фото: "Ақ Жайық" басылымы