Интернетке "қолжетімді бағада үйімді шұғыл сатамын" деп жалған хабарлама жариялаған алаяқ ерлі-зайыптыларға үйді өзгелерге сатып жібермеуі үшін кепілдікке 500 мың теңге аударуды талап еткен.
Жәбірленушілер жоқ үйге ақша аударып сан соғып қалғанын түсінген соң полицейлерге хабарлаған.
Интернет-алаяқтық әрекетіне барған күдіктіні атыраулық полицейлер Ақтау қаласынан анықтап, ұстады.
"Алаяқ ақша аударымдары арқылы түрлі банк есепшоттарын пайдаланып, ізін суытпақ болған. Анықтау барысында күдіктінің өзге де интернет-алаяқтық қылмыстарына қатысы бар екені белгілі болды. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде", – делінген Атырау облысы Полиция департаменті таратқан мәліметте.
Фото: gov.kz
Баян Жанұзақова