Елордалық сот туысының кішкентай қызды ұрып жатқаны түсірілген видео бойынша шешім шығарды.
Бес жасар қызды ұрып-соққан әйелге Астана соты шешім шығарды
877
оқылды

Видео әлеуметтік желіге 14 тамызда шыққан. Полиция ақпаратына сүйенсек, бес жасар қыз балабақшаға барғысы келмей, наразылық білдірген. Бұған оның 17 жастағы туыс әпкесі ашуланып, оны ұрған. 17 тамызда елордалық сот іс бойынша шешім шығарды.

"Астананың әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұрып-соғу дерегі бойынша (ӘҚБтК-нің 73-2-бабы 1-1-бөлігі) А.-ға қатысты іс қарады. Сот А. кәмелетке толмаған Ж.-ға балабақшаға барғысы келмей наразылық білдіргені үшін физикалық күш қолданғаннан ауырсыну туып, денсаулығына жеңіл зиян келтіргенін анықтады",  делінген хабарламада.

Сот мәліметінше, қыздың кінәсін мойындау айғақтары, заңды өкілдің түсіндірмесі, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамасы, бейнежазба және істің басқа материалдары арқылы дәлелденген.

"А. баланың ата-анасымен татуласып, олар арыз бергеннен кейін сот қаулысымен іс тоқтатылды (ӘҚБтК 64-бабының 1-1-бөлігі)", деп қосты сот.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.