Соңғы жылдары ғалымы да, ғалым емесі де Шыңғыс ханды қазақ етіп шығаруға тырысып жүр. Бұған негіз де жоқ емес.
Шыңғыстың шапалағы
657
оқылды

Мұны оның өмірі Дешті Қыпшақ даласымен тығыз байланысты болғанынан және тұңғыш ұлы Жошының кесенесі Ұлытаудың етегінде тұрғанынан да аңғаруға болады. Сталин өкімет басына келгеннен соң «Шыңғыс ханның бүгінгі ұрпақтары кімдер?» деп сұрағанда жанындағы ақылмандары «Олар – қазақтар» деп бірауыздан жауап берген деседі. «Мұны немен дәлелдейсіңдер?» дегенде «Қазақ болмаса ұлы солардың атамекенінде жерленер ме еді?» деп жауап берген дейді. 

Жә, мұны ғалымдар мен зерттеушілердің еншісіне қалдырайық. Қазір екі қазақтың бірі «біз Шыңғыс ханның ұрпағымыз» деп кеуде соғатын әдет тапты. Оны өздеріне еншілеп алған рубасылар  туралы айтқымыз жоқ. Жарайды! Ұлы қағанның ұрпағы екенімізді әлем мойындасын. Кезінде қызыл империя  көсемдері «даланың жабайылары өздерінің ататегін білсе, әлемді билейді, сондықтан олардың өткен өмірін санадан өшіру  керек. Олар  қайта бас көтеріп жүрмесін» деп біздің түп тарихымызды шамның жарығы түспейтін тереңге көміп тастады дейік. Ұлт көсемдерін жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқаны, атқанын атып, қалғанын без тергізіп жібергені соған айғақ деп бір түйіндейік.

Бірақ біз сол Шыңғыс ханның ұрпағы сияқты қандай өнеге танытып жүрміз? Ақыры, түп бабамыз Шыңғыс хан болып шықты дейік. Сонда ұлы қаған өсиеттеріне қаншалықты адалмыз? Ойланып көріңізші. Шыңғыс хан өзіне бағынышты жұрағатын бір уыста, бірлікте ұстады. Алауыздыққа жол берген жоқ. Ал біз, қазақтар ру-руға бөлініп, қырықпышақ болып айтысып, қызылкеңірдек болып жатамыз. Бірлігімізден гөрі ірілігіміз көп. Әр ру өмірде болған-болмағаны белгісіз  батырларын тауып, ескерткіш қойып жатыр. Тіпті, бір ауылда екі-үш мешіт бар. Әр ру өз мешітіне барады. Кісісі қазаланса, өз зираттарына жерлейді. Осылай ел алатайдай бөлектеніп жатыр. Қане, біздің Шыңғыс ханның ұрпағы болғанымыз?

Шыңғыс хан заманында сауда-саттық, барыс-келіс, алыс-беріс әділ болды. Арамнан тамақ тапқандар заматында  жазаланды. Бізде қалай? Қазір базарға барсаңыз, жағаңызды ұстап қайтасыз. Бағалары удай. Билік басындағыларды, ірі помещиктерді  былай қойғанда сатушының өзі таразыдан жейді. «Бүгінде жемейтіндер жер астында». Бүгінгі қазақ осылай сөйлейтін болды.  Сол жегіштер шетінен ұсталып, темір торға тоғытылып жатыр. Сонда да жегендерін тыймайды. Ашкөзденген арамтамақтар темірдің өзін тонналап жұтады. Оларды жазалап жатқан жүйе жоқ. Ұстап алса да қалтасын қағып, қайта қоя береді. Түрмеге түскендеріне жандары ашып, аяушылық сезімдері ояна кетіп, шылбырын шешіп босатып жібереді. Қылмыскерлер әділ жазаланбайды. Қане, біздің Шыңғыс ханның ұрпағы болғанымыз?

Елімізде жемқорлық өршіп тұр. Әсіресе, билік басындағылар бұл жағынан алға шықты. Ана жерде де, мына жерде де әкімнің өзі немесе орынбасары ұсталыпты деген суық хабарлар дүңк-дүңк естіледі. Ірі компаниялардың, басқармалардың басшылары жемқорлықпен ұсталыпты десе, таңқалмайтын болдық. Етіміз үйреніп кетті. Парақорлықпен, сыбайлас жемқорлықпен ұсталғандар есебіне жетуден қалдық. Елімізді тонап, шетелдерге қашып кеткендер қаншама? Алақандарын ысқылап, ақша тілеп отырған өңшең бір жебірлер елінде отырған сыңайлымыз. Қане, біздің Шыңғыс ханның ұрпағы болғанымыз?

Қылмыстың барлық түрі жер бетіне шықты. Бұрындары біреу адам өлтіріпті дегенді естісек, төбе шашымыз тік тұрушы еді. Бүгінде бұл үйреншікті жағдайға айналды. «Е, қой өліп қалыпты ғой» дегендей немқұрайлы қабылдаймыз. Бабаларымыз мал екеш малының амандығын тілеуші еді ғой. Педафиль деген жік шықты, екі құлағы тік шықты. Бес жасар баламызды зорлап, жиырма жерінен пышақтап тастайды. «Е, ауру екен ғой байғұс» деп айуанды бостандыққа жібере саламыз. Осындай азғындарға қарастырылған заңымыз солқылдақ. Сол солқылдақтың арқасында біздегі жалмауыздардың өзі түрмеде бір күн түнемей, сайрандап көшеді жүр. Қане, біздің Шыңғыс ханның ұрпағы болғанымыз?

Елдің тұтқасы, қазақтың қамын ойлайды деген биліктің ұшар басында отырған мұрттыларымыз мемлекетті сатты деген айыппен қамақта отыр. Сол мұрттының інісі де мінсіз емес екен, күні кеше он жылға бас бостандығынан айырылды. Аман болса, бір-екі жылда түрмеден босап шығатынына күмән келтіре алмаймыз. Сол мұрттылардың бірқатары шетелдерде жасырынып, жан бағуда. «Балық басынан шіриді». Отыз жыл ел билеген, кезінде көсем атанған көкеміздің де біраз былықтары ашылып жатыр. Соның қамқор қолын көргендер­дің алды шетелдерде тығылып жүргені жасырын емес. Партия тізгінін қолына беріп, тайраңдатып қойған ымыраласы­ның өзі бүгінде ел бетіне көрінуден қалып, тығылмашақ ойнап жүр? Жер асты, жер үсті байлықтарымызды басқаларға шүлен үлестіргендей үлестірдік. Есесіне, сорлы қазақ жалаңаш қалды. «Егер әркім өз пиғылын арам ойдан тазартатын болса, бүкіл ел ұры-қарыдан, зиянды әдеттен пәк болар еді» деген Шыңғыс хан өсиеті ұмытылды. Қане, біздің Шыңғыс ханның ұрпағы болғанымыз?

Еліміз жын-ойнақтың ұясына айналып бара жатқаны да ойландырмай қоймайды. Алматыда гейлер бізге еркіндік беріңіздер деп көшеге шықты. Атауға ауыз бармайтын азғындық етек алып барады. Біржыныстылардың бір-біріне үйленулерінің бой көрсетуі ақырзаманның көрінісі емес пе деп шошынатын болдық. Оларды ойлағанда жезөкшелерге жылап көрісетін жағдайға жеттік. Зайырлы елімізде бұларға тыйым салынатын заң жоқ. Қане, Шыңғыс ханның ұрпағы болғанымыз? 

Бүгінде Иман ағзам қауымындағы мұсылмандар мың сан тарауға бөлініп алып, бір-бірімен қырқысып, айтысып жүр. Сүлейменшілер, гуленшілер, вахабистер, тәңіршілер, сақалдылар, қысқа балақтылар, толып жатыр. Қайсысының жолы дұрыс? Жөн сілтейтін адам жоқ. Жөн сілтейді деген Үлкен кісінің інісі солардың бір тобын басқарды дегенді ел айтып жүр. Кімге сенеміз? Тура жол қайсы? Құдайдың үйі деп санайтын мешіттерде осындай былық көбейген соң басқаға не жорық? Қане, біздің Шыңғыс ханның ұрпағы болғанымыз?

Жастарымыз жұмыс таппай шетелдерге ағылуда. Тиісті ведомоство­ның мәліметінше, шетелдерде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар 194 мыңнан асыпты. Адам қабылдамайды деген Оңтүстік Кореямен жұмыс іздеп барған адамдарымыздың бетінен қақпа деп келісім жасап жатырмыз. Еліміздегі қымбатшылық қарапайым халықтың еңсесін езіп барады. Үкіметтің өзі қымбатшылықты жоюға дәрменсіз болып отыр. Шыңғыс хан дәуіріндегі аласапыран, қан-қасап соғыс кезінде халқы қымбатшылық зардабын тартыпты дегенді оқығаныңыз бар ма? Қане, біздің Шыңғыс ханның ұрпағы болғанымыз?

Ұлы Абай айтып кеткен «Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» кемшілігіміз әлі бар. Аузымен орақ орған өңкей қыртың тонның битіндей өріп жүр. Бас-басына би болған өңкей қиқымдар әр ауылдан табылады. Елдің сиқын кетіріп жүрген де осылар. Ырықтары өз қолдарынан кеткен олар өздерін түзей алады деуге тағы сенбейміз. Бірлік, береке, шын пейіл болмаған соң бар байлығымыз көрінгеннің ауызында кетіп жатыр. Күндестік деген елдің шырқын бұзып ол тұр. Тиянақсыз,тұрлаусыз тіршіліктің түйіні қашан шешілмек? Қаншама мініміз бойымызда атойлап көрініп тұрса да бір-бірімізді сыртымыз­дан мазақ етіп, жыртың-жыртың, пыш-пыш күлгеннен аса алмай жүрміз. Қане, біздің Шыңғыс ханның ұрпағы болға­нымыз?

Жарықтық ұлы қаған: «тауда жоғалған нәрсені өзен түбінен іздемейді» деп нені меңзеп кетті десеңші. Ал біз жоғымызды қайдан іздеп жүрміз? Жалған өтіріктен! Көзбояушылықтан! Аярлықтан. Шын­дық­тың түбіне жетіп, шырылдатып қой­дық. Жұрт шындықтың қайсы, өтіріктің қайсы екенін ажыратудан қалды. Қане, біздің Шыңғыс ханның ұрпағы болғанымыз?

Сірә, Шыңғыс ханның ұрпағы болғымыз келген екен, оның шапалағына да әзір болайық. Әуелі қисық мінезімізді, жалқаулығымызды, жалтақтығымызды, жағымпаздығымызды, жалпақ­шешей­лігіміз­ді, басқа толып жатқан кемшілік­терімізді түзеп алайық. Ғайыптан тіріліп келсе, қане, қайсымыз бетіміз күймей, жүзіміз жарқын болып ұлы қағанға қарсы қарап тұра алар екенбіз? 

Әй, білмеймін...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ