Облысқа жаңа әкім келді. Жаңа әкімнен жаңалық күту халықтың арманы ғой, шіркін! Жаңа басшы келгелі мемлекеттік орындарда тыным жоқ.
Театрға әкім кіріп кетті...
974
оқылды

Қайдан тыныштық болсын? Әр бастық өз қара басының қамын ойлап сандарын соғып жүр. Жұрттың бәрі «жаңа әкім ескертусіз, нөкерлерсіз кіріп келеді» деген соң, облыстық мәдениет басқармасының да мазасы  қашты. Олардың мазасы қашса, мәдениет мекемелеріне тыным жоқ. Облыстық театрдың жаңа маусымының ашылуына облыс әкімі келіп қалуы мүмкін деген сыбыс тарағалы, театрдың төрт есігіне тәулік бойы қарауыл қойылды. Әрине, ол кісі келсе, жақсы ырым ғой. Содан не керек, театр әкімшілігінің күн ұзақ күткен аса қадірлі қонағы келмеді. Кешкілік театр жаңа қойылымын әкімсіз бастап жіберді. Залда жарық өшті, шымылдық енді ашыла бергенде қою қараңғыда екі кісі ербең етіп кіріп келді де, алдынғы орындарға жайғасты. Сол-ақ екен билет тексеруші бір келіншек: 

– Ойбай, ойбай, театрға әкім кіріп кетті, – деп ойбайлап жүгіріп келді.

Қаралы хабар әкелгендей қабағы түсіп кеткен. Театрдың ішінде жүрген бірен-саран адам мұны естіп, қараңғы жерге зып берді. Мұндай хабарды тосыннан естіген театр директоры  шошып, есеңгіреп қалды. Ғимаратта жүр­ген­дер сеңдей соғысты. Өйткені бұл театрға ешқашан әкім аяғын бас­папты. Билет тексеруші құбы­жық көргендей есін жияр емес. Тірі әкімді көрмеген байғұс талып жатыр.

– Жағың қарыссын, адамның жүрегін жара жаздадың ғой, – деді театрдың бас әкімшісі Мүгілсін. Ол да тірі әкім көрмеген бейшара ғой.

– Шырағым, неге шошисың? Ол да адам баласы ғой, – деді бір аға әртіс.

– Мен осы уақытқа дейін спек­такльге әкімнің келгенін көрген емеспін, – дейді әлгі келіншек ентігіп. Шынымен де көзі шарасы­нан шығып кеткен. Бетіне мұздай су бүркігеннен соң қалпына келе бас­тады. Бұл хабарды естіген еден сыпырушылар театрға адам жегіш маньяк кіріп кеткендей сыпыртқы мен шелектерін тастай сала қа­шыпты. 

– Көрмесең міне көрдің, бұл біз үшін үлкен қуаныш, – деп жатыр театрдағы үлкендер қауымы. 

Бұл әңгіме қас қағымда сахнадағы әртістердің құлағына да жетті. Әкім көрмеген жас әртістер сөздерінен шатасыпты. Театр басшысы әлі есін жинай алмай әбіржіп тұр. Оның ойы әкімді сырттан дұрыс күтіп ала алмады. Сол үшін ертең басқарма басшы­сынан сөз естиді. Күткен күзетші­лері қырағысыз болып шықты. Өзінің басын өзі ұрып отыр. 

– Театрға келген облыс басшы­сымен қалай болғанда тілдесіп қалуымыз керек, – деп, бір ақ шашты, көпті көрген актриса апай ұсыныс тастады. 

Театр қызметкерлерін әкімнен үрікпеуге, қорықпауға шақырды. Олар қойылым біткенше шағын дастарқан әзірлеп үлгерді. Ойлары өнердің қара шаңырағында отырып, театрдың шешілмей жүрген үлкен мәселелерін айтып қалу ғой. Тарихи қойылым керемет өтті. Халық жылы ықыласпен қабылдады.

Залда жарық жанған кезде, театр директорының жүрегі орнына түсті. Облыс әкімі деп күтіп отырғандары, қаладағы белгілі ұстаз, профессор Жартай Жаржанов  болып шықты. Қасында Желдібай Бермағамбетов деген атақты зейнеткер бар. Сүйтіп, театр ұжымы бір дүрлікті. 

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН