Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Zakon.kz.
Маңғыстаудағы Мұнайлы ауданының әкімі жазаланды
4,580
оқылды

"Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында әкімшілік іс қаралып, жергілікті аудандық әкімдік тарапынан болған заңбұзушылықтар бойынша жеке ұйғарым қабылданды. Ол Мұнайлы ауданының әкіміне орындауға жолданған. ҚР Азаматтық-процестік кодексінің 270-бабына сай лауазымды тұлға жеке ұйғарым бойынша қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті. Қолданған шаралар туралы дер кезінде хабарламау өздеріне жеке ұйғарым жіберілген тұлғалардың әкімшілік жауаптылығына әкеліп соғады. Дегенмен заңда көзделген уақыт ішінде аудан әкімі жеке ұйғарым бойынша тиісті шараларды қабылдамаған. Сол себепті сот приставы тарапынан әкімшілік құқықбұзушылық жөнінде хаттама толтырылып, Мұнайлы аудандық сотына қарау үшін жолданды",  – делінген Маңғыстау облысы сотының баспасөз қызметі хабарламасында.

Сонымен, сот қаулысымен Мұнайлы ауданының әкімі ӘҚБтК-нің 664-бабымен (соттың жекеше ұйғарымы, қаулысы, прокурордың, тергеушiнiң немесе анықтаушының ұсынуы бойынша шаралар қолданбау) бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.