Адамзат өркениетке құлаш сермеген сайын моральдық нормалар «сәннен» қала ма? Кезінде атын естісе, өре түрегелетін тақырыптар, жағымсыз құбылыстар бүгінде қалыпты жағдайға айналып бара жатқан жоқ па? Осы сауалдардың жауабын іздеп, мұндай құбылыстарды қарапайым түсіндіретін «Овертон терезесі» тұжырымдамасы жайлы сөз қозғасақ дейміз.
Көп сатылған бестселлер
АҚШ-тың Мичиган штатында Mackinac Center for Public Policy орталығы бар. Бұл орталық осы штатта өмір сүретін халықтың өмір сапасы мәселелерімен (экономика, салық, бюджет, білім беру, медициналық сақтандыру, еңбекпен қамту) айналысады. Олар түрлі әлеуметтік мәселеге қатысты қоғамдық пікірді зерттеп, халық арасында сауалнама жүргізіп, өздері орынды, пайдалы деп санайтын тың идеяларды бұқараға насихаттайды. Осындай ғылыми маңызы бойынша бұрын ешқашан еленбеген америкалық қарапайым орталықтардың бірінде электр инженері әрі заңгер Джозеф Овертон бақандай 13 жыл жұмыс істеген. Ол жоғарыда аталған теорияны 1990 жылдардың ортасында ойлап тапқан. Оның осы орталықтың вице-президентіне дейін көтерілгенін атап өткен жөн. Ал 2003 жылы ол әуе апатына түсіп қайтыс болған соң оның теориясы туралы айтылып, кеңірек тарай бастайды. 2010 жылы Mackinac орталығының президенті Джозеф Г.Леман жазушы және саясаткер Гленн Бекпен кездесіп, оны осы тұжырымдамамен таныстырады. Бек оның негіздерінен фантастикалық триллер «Овертон терезесі» кітабын жазып шығады. Белгілі қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның журналист Нартай Аралбайға берген сұхбатында «Сен «Окно Овертонаны» оқыдың ба, оқымасаң сенімен қалай әңгімелесемін?» дейтіні – осы кітап. Бұл кітап «саясаткерлер әлеуметтік нормаларға бейімделеді» деген негізгі тезисті өзгертіп, «саясаткерлер, керісінше, әлеуметтік көзқарастарын өз қажеттіліктеріне қарай өзгертеді» деген ойды меңзейді. Бектің кітабы 2010 шілдеде шыққан кезде Нью-Йорк Таймс бестселлер тізімінде жоғары рейтингке көтерілген. Роман Amazon-да да көп сатылған кітаптардың қатарына енеді. Бірақ оқырмандардың көпшілігі көркем әдебиетті таза шындық деп қабылдайды және сипатталғанның бәрі шынымен болып жатыр немесе болады деп шешті. Ал өз кезегінде жазушы мұны ғылыми негізде жазылған фантастикалық еңбек деп бағалаған болатын. Осылайша, жазушы еңбегінен соң аталған теория өзінің әлеуметтану саласында танымалдық кезеңіне жол ашты.
Бұл қандай «терезе»?
Овертон терезесі – бұл белгілі бір идеялардың қоғамдық пікірден бұрын қалай заңдастырылатындығын және осыдан азаматтар тобы сол идеяларға қалай бейімделетінін түсіндіруге көмектеседі. Мәселен, ХХ ғасырдың бас кезінде Америка билігі қоғамның азғындауына қарсы күрес жүргізіп, 1914 жылы билік әйелдердің жағажайда жалаңаштануына тыйым салды. Жаңа заңның орындалуын қадағалау мақсатында суға түсетін киімдердің тізеден жоғары болмауын қадағалайтын арнайы полиция қызметі құрылып, заң бұзғандар қатаң жазаланатын. Киімдері талапқа сай келмеген келіншектер бірден тұтқындалып, айыппұл төлеуге мәжбүрленді. Міне, осындай заңды қабылдаған алпауыт мемлекет бүгінде біржынысты некеге заңды түрде рұқсат берген елдер қатарында. Тіпті, көшеге жалаңаштанып шеру өткізуіне де қарсылық танытпайтын деңгейде. Ал әлеуметтанушылар мен сарапшылар қоғамның мұндай дәрежеге «Овертон терезесі» арқылы жетеді деп есептейді.
Иә, «Овертон терезесі» қоғамдағы идеялардың уақыт өте келе қалай өзгеретінін және саясатқа қалай әсер ететінін түсінуге арналған үлгі болып табылады. «Терезеде» алты фаза бар: ақылға қонымсыз, Радикал, Ықтимал, Ақылға қонымды, Көпшілікке таныс және Саяси маңызды.
Алғашқысы – «Ақылға қонымсыз» кезең, бұл кезеңде жоқ жерден бірден көтерілген тақырыпты халық қабылдай алмай, қоғамда резонанс туады. Екінші «Радикалды» кезеңде қасақана халықтың ашуына тию, солайша мәселеге көңіл аудартып, талқылату басты мақсат болады. Жаға ұстатарлық дүниелер туралы ақпаратты бұқараға күшпен тықпалау басталады, тіпті ғылыми симпозиумдар мен дөңгелек үстелдер де ұйымдастырылуы мүмкін. Бұған дейін де сол тектес оқиғалардың болғаны, тарихи дәлелдер келтіріледі. «Түсінуге ұмтылу» кезеңінде қоғам бұл мәселеге бұрынғыдай тосырқап қарамайтын болады, «түсініп көруге болатын сияқты» дегендей екіұдай ой туады. «Ақылға қонымды» кезеңде жаңағы мәселе қалыпты дүние ретінде қабылдана бастайды, ел алдында жүрген танымал адамдар жақтаушылар мен даттаушылар болып екіге жарылады. Келесі «Танымал ету» кезеңі өте қауіпті саналады. Бұл сатыда әлгі мәселе «сары» басылымдар мен рейтинг қуған ток-шоулардың сүйікті тақырыбына айналып шыға келеді, солай «Қоғамдағы қалыпты жағдай» кезеңі басталады. Бұл кезде алғашында қарсылық тудырған нәрсені ешкім жатырқамайтын болады, соған қатысты заң да пайда болады, халық ішінде қарсы пікірлер айтылуы мүмкін, бірақ ешкім де кедергі бола алмайды.
Мысал ретінде гомосексуализмді алайық. Бұл құбылыс бұрынғы ғасырларда болған кезде өте ұятты нәрсе болып саналушы еді. Егер біржыныстылардың некесін заңдастыру мәселесі бірден көтерілгенде не болар еді? Әйелдердің қысқа киім кигеніне үрке қарайтын қоғам ондайларды сол сәтте-ақ жоқ қылар еді. Сондықтан да бұл кезеңге «ақылға қонымсыз» деп ат берілді. Қоғам біржыныстылардың барын білсе де, оларды түсінуге тырыспады. Қайта шошына қарап, бойларын аулақ салуға тырысты. Екінші радикалды кезеңде азғындықты ту етушілер ашық шабуылға көше бастайды. Олар қасақана халықтың ашуына тиюді, сөйтіп біржыныстылар мәселесіне көңіл аударып, талқылауын қалайды. Өзгеше адамдар туралы ақпаратты бұқараға күшпен тықпалап, жұрт назарын аударады. Тіпті, ғылыми симпозиумдар ұйымдастырып жіберуі де мүмкін. Мәселен, «Рим императоры да ер балаларды ұнатқан, біржыныстылар адамзатпен бірге пайда болған» деген тәрізді дүниелер айтылады. Мұны қарапайым адамдар емес, беделді ғалымдардың аузымен айтқызады. Діни аңыздарды да мысалға келтіріп жіберуі мүмкін. Мәселен, Лұт қауымы. Үшінші терезе – Түсінуге ұмтылу кезеңінде қоғам біржыныстылар мәселесін қызу талқылауға көшеді. Жұрт бұл мәселеге бұрынғыдай тосырқап қарамайды. Елең ете қалатын жаңалық емес. Қалыпты дүние. Біржыныстылар туралы мақалалар жазылып, олардың тағдыры кинода көрініс тауып қалуы мүмкін. Ал оларды жақтау сәнге айналады. Төртінші терезе, яғни ақылға қонымды кезеңде «гомосексуализм – қалыпты дүние» деген пікір үстемдік құрады. Біржыныстыларға аяушылықпен қарап, олардың құқығын қорғайтын ынталы топ пайда болады. Әрине, дәстүрлі құндылықтарды бойына сіңірген, азғындыққа қарсы шығушылар да табылады. Осылайша, қос тараптың арасында бітпейтін дау басталады. Ал қоғам екі жақтың қайсын таңдарын білмей, бейтарап күйін сақтап қалады. Танымал ету кезеңінде азғындықты насихаттауды қолға алған топ енді өз жақтарына танымал тұлғаларды тарта бастайды. Әсіресе, жас буын сөзін тыңдап, соңынан еретін әншілер, әртістер мен спортшылардың біржынысты екені белгілі болады. Олар қалың көпшіліктің алдында «құпиясын» жариялайды. Бұл сары басылымдар мен рейтинг қуған ток-шоулардың сүйікті тақырыбына айналып шыға келеді. Алтыншы терезеде біржыныстылар туралы еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін біледі. Олар туралы мақала жазылып, кино түсірілген. Бұрынғыдай жасырынбай, көшеде қол ұстасып жүре береді. Бірақ біржыныстыларға төнген қауіп әлі сейілмеді. Жекелеген адамдар тарапынан қауіп төніп тұр. Мәселен, кейбір мекемелер қызмет көрсетуден бас тартуы мүмкін. Бұзақылар оңашада ұрып-соғып, өмірлеріне қауіп төндіріп жатады. Енді қайтпек керек? Олар саясатқа ұмтыла бастайды. Лауазымды қызметке тұрып, біржыныстылар мәселесі биік мінберде көтеріледі, тіпті арнайы заң да қабылдануы мүмкін. Міне, осылайша аталған алты сатыдан өткен бұл мәселе өз деңгейіне жетіп, пісіп жетіледі. Әлеуматтанушылар дәл осылай каннибализмнің де қоғамға дендеп енуін аталған теориямен байланыстырады.
Бұл енді кейбір әлеуметтанушылар пікірі. Ал, шынында бастапқыда бұл теорияның каннибализмге, гомосексуализмге ешқандай қатысы болмаған. «Овертон терезесі» тек «сайлаушыны қалай торға түсіруге болады» деген сұрақтың бір нұсқасын ғана ұсынған еді. Бұқараға қандай да бір идеяны сіңіру туралы ниеті де болмаған. Тек теорияның бастапқы тұжырымдамасы ұзын құлақтан жетіп түрленіп, бүгінгі интернеттегі әрбір екінші адам мысалға келтіретіндей түрде мутацияға ұшырап отыр.
Бізде оның элементтері бар ма?
Біз бұл сұрақты белгілі саясаттанушы Ернұр Молдашевке қойған едік. Оның айтуынша, «овертон терезесі» объективті ғылым тұрғысынан қарағанда даулы мәселе. «Жалпы қоғамда қалыптасқан ұғым бойынша бұл теория адамдардың ұстанымдарын, идеалдарын, ой-көзқарасын өзгертуге бағытталған технология деп есептеледі. Сонымен қатар сананы манипуляциялап, қоғамды басқаруға көмектесетін саяси құрал ретінде түсіндіріледі. Бірақ әу бастағы бұл теория бұл мақсатта пайда болмаған. Джозеф Овертон о баста өзінің зерттеулерінде бұл теорияны қоғамдағы белгілі бір топтардың ұнамды яки ұнамсыз көзқарастарын анықтау мақсатында ұсынған болатын. Мәселен, бір облысты алайық. Айталық, Ақмола облысы дейікші. Сол облыстың тұрғындарына қандай идеялар ұнайды, қандай көзқарастар олар үшін мүлде жат деген сияқты сұрақтардың жауабын қалай анықтауға болатын сараптамалық құрал ғана. Мұндағы мақсат не? Бұл өз кезегінде саясаттағы адамдар үшін қажет. Мәселен, Америка демократиялық мемлекет болғандықтан, ондағы сайлауға қатысушылар сайлаушылардың алдында өз имиджін қалыптастыру үшін осындай сараптамаға жүгінеді. Сайлаушыларға ұнау үшін олар ұнатқан көкейіндегі сөзді дөп басып айтуыңыз қажет, олар ұнатқан идеяны қолдауыңыз керек. Яғни, олардың бойындағы құндылықтардың сіздің де бойыңызда кездесетінін көрсету арқылы олардың сеніміне ие болу үшін қажет технология. Теорияның бар мақсаты осы ғана. Джозеф Овертонның өзі дүниеден өткеннен кейін теорияның мутацияланған нұсқасы кеңірек тарады. Бұл тұрғыда жазушы-публицистердің жазған кітаптарының да әсері мол болды. Яғни, олар халық санасын өзгертуге бағытталған манипуляциялық механизм ретінде қарастырады. Негізінде, олай емес, теория жай ғана халықтың негізгі ұстанымдарын зерттейтін модель ретінде қарастырылған», – дейді ол. Жалпы, халық санасы манипуляциялық механизмдермен басқарылуға қаншалықты бейім деген сұрағымызға сарапшы өз ойын былай кестеледі: «Жалпы халық санасы кез келген манипуляциялық механизмдермен өзгере салатын әлсіз емес. Бірақ біздің мемлекетіміз сынды дамушы мемлекеттерде теорияның мутацияланған нұсқасының элементтері кездесетінін жасыруға болмайды. Бірақ бұл ежелден бері тәжірибеде бар дүниелер еді. Мұның барлығын әкеп, тек «овертон терезесіне» тели салу ақылға қонымсыз. Дегенмен бұл саяси технология ретінде қолданылып келе жатқан құралдардың бірі. Біздің елімізде кейбір заңдардың қабылдануында да осындай элементтерді байқауға болады. Бірақ бұл «овертон терезесі» нақты жұмыс істейді дегенді білдірмейді. Егер біз еліміздегі халықтық идеяларға әлеуметтік сараптама жүргізсек, халықтың ой-танымы бұрынғыдан қатты өзгеріп кетпегенін байқаймыз. Яғни, жай ғана қарапайым саяси құралдармен басқара салатын халық ақымақ емес. Бірақ неге бізде көрініс табады деген сұраққа келсек, бұл элементтер көбіне демократияның жетіспеушілігі бар мемлекеттерде жиі кездеседі. Яғни, қандай да бір заңның қабылдануына халықтың қатты ықпал ете алмауы осы бір көріністерді тудырады», – дейді саясаттанушы Ернұр Молдашев.
Халықтың күші – бірлікте
Иә, саясаттаушы айтқандай, халықтың санасы – баланың санасы емес. Оған мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мәселен, былтыр кинотеатрларда «Базз Лайтер» мультфильмінің Қазақстанда көрсетілуіне халық қарсы шығып, әлеуметтік желілерде наразылығын білдірді. Желіде «Базз Лайтер» мультфильміне тыйым салу талабымен петиция құрылып, лезде 40 мыңға жуық адам қол қойды. Себебі мультфильмде біржынысты қарым-қатынасты насихаттайтын көріністер болды. Халық қарсылығына сол кездегі Мәдениет министрі Дәурен Абаев жауап беріп, еліміздегі кинотеатрларда көрсетілмейтінін ресми ашық мәлімдеген болатын. Яғни, халық талабы ескерілді. Бұдан бөлек, қандай да бір заңның қабылдануына да халықтың ықпалы болғанын айта кетуіміз керек. Енді осыған мысалдар келтіріп көрелік. 2017 жылдың 7 қаңтарында жол қозғалысы ережелерінің жаңа заң жобасындағы кейбір тұстары халық арасында дау тудырған еді Яғни, әрбір автокөлікте балаларға арналған автокресло болуы керек деген заңға халық қарсы шықты. Жаңа жылдан кейін бағасы күрт қымбаттап, жетіспеушілік тудырған балаларға арналған автокреслоға қатысты да жұрттың шағымы көбейді. Тиісінше, эфирде бұл тақырыпқа арналған материалдар саны да өсті. 12 жасқа дейінгі балалардың бәрін түгелдей қамту мүмкін емес, – деді жұртшылық. Нәтижесінде, бұған да мораторий қойылды. Ал 2019 жылдың 5 ақпан күні елордада болған жағдайға тоқталайық. Тілсіз жау бір отбасының бес бірдей баласының өмірін жалмады. Сол түні балақайлардың ата-анасы жұмыста болған. Қоғам, әсте, көпбалалы отбасылардың негізгі мәселелері жайлы хабардар еді. Алайда бұл жағдай бәрін өзгертті. БАҚ-тың барлығы тек осы қайғылы жағдай туралы айтумен болды. Бұл трагедия бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Көпбалалы отбасылар өз мәселелері жайлы ашық айта бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінен көпбалалы аналар жиналып, жәрдемақы көлемін ұлғайтып, тұрғын үй беруді сұрады. Осылайша, Үкімет пен әкімдіктер барлық отырысында көпбалалы отбасылардың мәселелерін талқылап, олардың мұң-мұқтажына құлақ асып, көмек жолдарын қарастырды. Көп ұзамай, 2019 жылғы ақпан айының соңында сол кездегі Қаржы министрі Әлихан Смайылов төрт немесе одан да көп баласы бар отбасы көпбалалы болып саналатыны жайлы айтты. Нәтижесінде, берілетін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері де көбейді.
P.S.
Қазақ кез келген жамандықтың жаппай жайылып-таралмауына қатты мән беретін. Тіпті, қасқырдың өзін «ит-құс» деп атаған. Ал азғындықты тіпті ауызға алмайтын болған. «Бәлекет өзімен кетсін», «мал құлағы саңырау», – деп тыйып тастайтын. Өйткені жаманды айта-айта етіміз өліп кетпесін, үйреншікті жаңалыққа айналмасын деп қауіптенетін. Ендеше барлық жамандық атаулы елімізден қашық болсын деп тілейміз!
Наурызбек САРША