Қаржылық қауіпсіздігіңізді ойлап, әлі де қаражатыңызды депозитте сақтап жүрсіз бе? Қазіргі таңда табысыңызды бірнеше есе арттыруға мүмкіндік беретін қаржы құралдары жеткілікті.
Қаржылық тәуелсіздікке бастайтын алғашқы қадам: Инвестиция жайлы не білу қажет?
24,266
оқылды

Соның бірі – қор нарығына инвестиция. Бұл – қолда бар қаражатыңызды болашақта одан әрі еселеу, ал инвестор – қолда бар қаражатын ақылмен инвестициялай алатын адам. Көптеген адамдар инвестор атану үшін міндетті түрде бай немесе қаржыгер болу қажет деп ойлайды. Бірақ бүгін кез келген адам инвестиция арқылы табыс таба алатынына көз жеткізетін боламыз. 

Инвестиция жасау несімен тиімді? 

Инвестициялау – қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізудің негізгі тетігі. Оның түрлері де сан алуан: жылжымайтын мүлік, бағалы бұйымдар мен құнды қағаздар және т.б. Соның ішінде қор биржасындағы құнды қағаздарға инвестициялаудың артықшылығын мынадай мысалдармен түсіндіре кетейік. Біріншіден, инвестициялау капиталды сақтауға және арттыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, пассивті кіріс көзі бола алады. Яғни, процеске белсенді қатыспай-ақ, пайда табасыз. Үшіншіден, инвестиция табысты қаржы құралдарының бірі. Бұл қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және өмір сүру сапасын жақсартады.

Инвестиция жасау арқылы инфляциядан (ақшаның құнсыздануы  ред.) қорғана аласыз, яғни бұл қаражатыңызды қорғауға және оның құнын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар инвестиция – үй сатып алудан бастап балаларға білім беруге дейінгі қаржылық мақсаттар мен армандарыңызға жетудің ең тиімді құралы. 

Қор нарығында инвестиция жасау үшін қанша қаражат қажет?

Инвестицияны өзіңізге ыңғайлы кез келген сомадан бастауға болады. 

Мәселен, Halyk Bank акцияларының бағасы небәрі 150 теңгеге (2023 жылдың 26 қазанындағы жағдай бойынша) тең. Бұл сіз 150 теңгемен-ақ инвестиция жасай аласыз деген сөз. Дегенмен көбірек пайда тапқыңыз келсе, ыңғайыңызға қарай инвестиция мөлшерін арттырған жөн. Себебі неғұрлым көп акция сатып алсаңыз, болашақта сіз иеленетін табыс көлемі де көбейе түседі. 

Алайда инвестицияны артық ақшамен жасау керегін естен шығармаңыз. Бұл ретте тұрмыстық шығындардан артылған ақшаны ғана инвестициялаған жөн және оның көлемі сізге салмақ салмайтындай ыңғайлы мөлшерде болуын қадағалаңыз. Сонымен қатар инвестиция жасау үшін несие алудан аулақ болыңыз. Бұл ретте айлық табысыңыздың ең көбі 5-10%-ын инвестицияға арнаған дұрыс. 

Инвестор нені білуі қажет?

Инвестициялауды бастамас бұрын биржаның қалай жұмыс істейтінін түсіну, қор нарығына сыртқы факторлардың әсері, қай компаниялардың акциялары тиімді екенін білген абзал. Сонымен қатар  қаржылық есептілікті оқи алу, экономика негіздері мен техникалық және фундаменталды талдауды үйрену де артық етпейді. Яғни, алдымен бұл саладағы біліміңізді жетілдіру қажет.  

Мәселен, инвестиция жайлы бастапқы түсінігіңізді қалыптастыру үшін Freedom Academy ұсынатын келесі әдебиеттерге көз жүгіртуді ұсынамыз: 

«Десять главных правил для начинающего инвестора», Бертон Малкиел;

«Разумный инвестор», Бенджамин Грэм;

• «Манифест инвестора», Уильям Бернстайн;

«Правила инвестирования Уоррена Баффетта», Джереми Миллер;

• «Обыкновенные акции и необыкновенные доходы», Филип Фишер.

Қазіргі таңда қор нарығымен жұмыс істеу жайлы пайдалы курстар жетерлік. Оның ішінде онлайн да, офлайн түрде оқуға болатын түрлерін табуға болады. Мысал ретінде Freedom Broker ұсынған Freedom Academy плафтормасын алайық. Мұнда биржа және бағалы қағаздар жайлы тереңірек түсінуге сеп болатын тегін және ақылы вебинарлар мен сабақтар, түрлі оқу курстары бар. Мұндай сабақтарды қор нарығы саласында тәжірибеге ие білікті мамандар оқытады. Ал алған теориялық білімді түсіну үшін оқу платформасында практикалық сабақтар қарастырылған. 

«Біз адамдарға қор нарығы туралы түсінікті қалыптастыруға және қаржылық тәуелсіздік жолындағы шектеуден арылуға көмектесетін көп деңгейлі оқыту жүйесін әзірледік. Біз инвестиция мен трейдинг жөнінде өз біліміміз бен тәжірибемізді бөлісуге әзірміз.  Freedom Academy тәлім алушылары тек білім алып қана қоймай, өз бетінше нарыққа талдау жүргізіп, акцияларды таңдап, инвестиция жасай алу мүмкіндігіне ие болады.  Біз оларға қор нарығына алғашқы қадам жасап, табысын арттыруға жәрдемдесеміз. Біз ең қажетті инвестиция – пайда әкелетін білімге құйылған инвестиция деген сенімдеміз», – дейді Freedom Academy директоры Жанна Кашенова.  

Брокер таңдау – басты мәселе

Жеке тұлғалар биржада өз бетінше сауда жасап, бағалы қағаздарды емін-еркін сатып алып, сата алмайды. Бұл кезекте сіз брокерлердің қызметіне жүгіне аласыз. Олар – биржа мен инвестор арасындағы делдал. Қазіргі таңда көптеген инвестициялық қызмет түрлерін ұсынатын компаниялар жетерлік. Дегенмен оларды таңдағанда қателеспеу қажет. 

Брокер таңдағанда мына дүниелерге назарда ұстаған жөн: 

1. Лицензия. Брокер таңдағанда алдымен оның Қазақстанда лицензиясы бар-жоғына мән беріңіз. Бұл лицензияны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан қор биржасы мен Астана халықаралық биржасының ресми сайттарынан таба аласыздар. 

2. Брокердің сенімділігі. Бұл ретте компанияның сенімділігі оның рейтингімен айқындалады. Мұндай рейтингті халықаралық рейтинг агенттіктері тағайындайды. 

3. Нарықтың қолжетімділігі. Брокердің қай қор биржаларында жұмыс істейтінін саралаңыз. Мәселен, олардың кейбірінде халықаралық қор нарықтарына қолжетімділік болмауы мүмкін. Бұл бағалы қағаздарды сатып немесе сатып алар кезде сізде шектеулі таңдау болады деген сөз.

4. Жергілікті желінің ауқымдылығы. Бұл клиенттер үшін қызметтердің қолжетімділігі мен қолдауды қамтамасыз етеді. Сіз кез келген жағдайда брокердің кеңсесіне барып, өзіңізге қажетті ақпаратты ала аласыз. 

5. Ыңғайлы сауда платформасы. Ірі брокерлерде қор нарығында сауда жасау үшін арнайы сауда платформасы қарастырылған. Осы орайда оның ыңғайлы әрі түсінікті болуына мән берген жөн.

Қорытындылай келе, инвестициялау қаржылық тәуелсіздік пен тұрақты болашақты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын айтқымыз келеді. Саналы және мақсатты инвестициялау сіздің қаржылық әл-ауқатыңызды қамтамасыз етуге және қалаған өмір деңгейіне жетуге көмектеседі.

Кәмила ДҮЙСЕН