«AMANAT» партиясы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің жиынында мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелері мен қазіргі жай-күйі талқыланды.
Мектепке дейінгі мекемелерде маман тапшы – «AMANAT»
Фото: Радмир Фахрутдинов
750
оқылды

Балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету Мемлекет басшысы мен «AMANAT» партиясы саясаты басымдықтарының бірі екені белгілі. Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында жыл басынан бері 52 мыңнан астам орынға лайықталған 521 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жыл соңына дейін тағы 28 мың жаңа орын ашу жоспарланып отыр. 

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сүйенсек, жергілікті атқарушы органдар бұл жұмысты тиісті деңгейде жүргізбейді. Өңірлерде балабақша ашу қарқыны төмен: Абай облысы – 4%; СҚО – 9%; Ұлытау облысы – 20%; Ақмола облысы – 23%; Маңғыстау облысы – 25%; Атырау облысы – 42%; Қостанай облысы – 49%.

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, балабақша кезегіндегі проблемалардың бірі – оның қайталануында. Ата-аналар баласын жеке меншік мектепке дейінгі ұйымға береді де, бұл кезде бала әлі де кезекте тұрды.

«Кезекке тұрудың бірыңғай базасы қанша балаға балабақшадан орын керек екенін көруге көмектеседі. Мәселен, Қостанайда бір бала жолдама алып, мектепке дейінгі ұйымға барған болады, бірақ шын мәнінде ол жерге қабылданбаған. Өйткені ол екі жылдан бері Түркістан облысындағы мектепке дейінгі ұйымға барып жүр. Бұл әзірге түйінді мәселе болып тұр. Ол барлық деректі Ұлттық білім беру деректер қорына біріктірген кезде ғана анықталады. Біз тексеру жүргіземіз, егер қандай да бір балабақша өзінде жоқ баланы бар деп көрсетсе, онда тиісті материалдар құқық қорғау органдарына жолданады», – деді ол.

Алайда, орын тапшылығы мәселесі біртіндеп шешілгенімен, бүгінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінде балалармен жұмыс істеуде қолданылып жүрген әдістер мен оның үлгілері қазіргі заманғы талаптарға сай келмейді. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, балалардың танымдық қабілетін дамыту, олардың қызығушылығы мен тұлғалық ерекшелігі жеткілікті түрде ескерілмейді.

«Көрсетілетін қызмет сапасының төмендігі, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын бағалау жүйесінің болмауы, мұғалім мамандығы беделінің төмендігі, педагогтарды даярлау бағдарламалары мазмұнының әлемдік ғылымның заманауи үрдістеріне сәйкес келмеуі, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың оқшаулануы әлі де өзектілігін жоймай отыр. Сондай-ақ, бейінді емес педагогтардың мектептерге кетуіне байланысты маман тапшылығы артып келеді. Сонымен қатар тәрбиеші мамандығының тартымсыздығы, жалақының төмендігі және балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершіліктің жоғары болуы да бұл салада маман тұрақтамауына әкеліп соғуда», – деді ол.

Айта кету керек, 2020 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдар педагогтарының жалақысы жыл сайын 25%-ға өсіп, төрт жыл ішінде екі есеге көтерілді. Сонымен қатар, биыл қыркүйек айынан бастап жалақы тағы 30%-ға жоғарылады.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Максим Рожин балабақшалар мен мектептерде қазақ тілін үйренудегі проблемаларға назар аударды. «Жиілік сөздік» деп аталатын нәрседе күнделікті өмірде қолданылатын сөздер атымен жоқ.

 «Жиілік сөздік деген 6-7 сыныптарда балалар Ілияс Есенберлин жазған сөздер мен сөз тіркестерін қолдана отырып сөйлейтіндей етіп жасалған. Бірақ қарапайым өмірде олар бұл сөздерді қолданбайды. Ал егер олар сол үйреткен сөздерді өмірде пайдаланбаса, онда қазақ тілінде сөйлемейді. Өзіміз де күнделікті Есенберлиннің тілінде сөйлемейміз ғой. Бала ол сөздерді жай ғана жаттап алады, бірақ күнделікті қолданбағаннан кейін ертеңіне-ақ ұмытып қалады. Біз қазақ тілін жаттап айтуды емес, іс жүзінде қолданатындай етіп үйретуіміз керек», - деді халық қалаулысы.

 

Бұған жауап ретінде Оқу-ағарту бірінші вице-министрі минимальды сөздік қорды бүгінде Балаларды ерте дамыту институтының мамандары пысықтап жатқанын жеткізді.

«Мектепке дейінгі білім департаментін басқарған кезімде өзім балалар контентін жасай алатын қазақ тіліндегі авторлар пулын құра алмадым. Барлығы тек коммерциялық негізде, кішкентай ғана тақпақ үшін айтарлықтай көп ақша сұрайды. Контенті кеңейту үшін қазір әңгімелер, өлеңдер, әндер жазатын тәрбиешілер арасында байқаулар жариялануда. Қазақ тіліндегі контенті соның арқасында жинаймыз», - деді ол.

Алайда партиялықтар мұндай көзқараспен келіспеді. Максим Рожин қазір балаларға арналған сапалы шығармаларды жасауға ешқандай шектеу жоқ екенін атап өтті.

«Алматыда «Дарын» деген компания бар. Олар қосымша арқылы ең танымал ертегілерді жинап, оларды дыбыстайды да, youtube желісіне жариялайды. Мемлекеттен ешқандай ақша сұрап отырған жоқ. Біздің министрліктер бір-бірімен диалог орната алмайды. Контенттің мазмұнына да назар аудармайды. Өз ісін жақсы көретін авторлар шығармашылық өндіріспен айналысып жатыр. Бірақ Президент айтпаса мемлекет оларға ешқашан мән бермейді», - деді депутат.

Өз кезегінде мектепке дейінгі білім беру сапасы саласындағы тәуелсіз сарапшы Гауһар Киикова балабақшалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.

«Барлық жерде турникеттер орнатудың мәні жоқ. Балабақшалардың басым бөлігінде домофон сияқты автомат есіктер қойылған. Бұл ретте, төтенше жағдай орын алған кезде жасалатын әрекетке мән беру маңыздырақ. Өрт кезінде не істеу керек екенін әрбір тәрбиеші біле ме? Тұрақты түрде оқу-жаттығулар өткізу қажет. Төтенше жағдай орын ала қалса, 120 баланы сол жерден алып шығып көріңізші. Мұндайда бала түгілі ересек адам да абдырап қалады. Эвакуацияның бір бөлігі ойын түрінде болуы керек», - деді ол.

Жиын соңында Кеңес мүшелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыныс енгізді.