Павлодарда әке-шешесі кішкентай қызға ішімдік беріп отырған.
Небәрі 2 жасар сәбиді маскүнемдіктен емдемек
vl.aif.ru
976
оқылды

Павлодарда ішімдікке салынған ата-анадан екі жастан асқан қызын тартып алды. Сәби кішкентай болса да, әке-шешесі балаға ішімдік ішкізген. Бұл туралы Aikyn.kz Toppress.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Негізі еріктілерге бұл жағдай жайында ерлі-зайыптының көршілері хабарлап, көмек сұраған екен. Олардың айтуынша, ішімдікке салынған ерлі-зайыпты кішкентай қызын да ішімдікке үйретіп тастаған. Оның үстіне, бала кір, лас, ешқандай жағдайы жоқ жерде тұрып жатыр.

– Кішкентай ғана сәбидің ішімдікке тәуелді екенін бәрі жақсы біледі. Ол әке-шешесімен бірге сыра ішіп, кешкісін арақ-шараппен ұйықтайды. Оларды бақылап жүргенімізге бірнеше күн болды. Ештеңе өзгерер емес. Тіпті, үстінен баз біреулер қоңырау шалып, полиция шақыртқан. Бірақ олар да түк істемеді. Келді де, оларға ұрсып кетіп қалды, – деді Vita еріктілері.

Нәтижесінде, 24 қараша күні Ювеналды полиция қызметкерлері отбасына келіп, баланы өздерімен бірге алып кетті. Сөйтіп, сәбиді облыстық балалар ауруханасына тексеруге жіберді.

"Әзірге анасының ішімдікке салынып, қызын бағып-қақпай, оған қолайлы жағдай жасамағаны анықталды. Енді Ювеналды полиция қызметкерлері кішкентайдың анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік іс қозғап, материалды сотқа жіберді", деп хабарлады Павлодар облыстық Полиция департаменті.

Қазір отбасы есепке қойылды. Бұл істі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия қарап жатыр.