Қазақстанда жалақы алатын қызметкерлердің 41,5 пайызы айына 300 мың теңгеден аспайтын табыс табады.
Қазақстанда жұмыс істейтіндердің 42 пайызы 300 мың теңгеге дейін жалақы алады
215
оқылды

Бұл Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы жалақыны саралау жөніндегі зерттеуінен белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қызметкерлердің 2,2 пайызы айына 100 мың теңгеге дейін жалақы алады. Ал 9,4 пайызының табысы 100 мыңнан 150 мың теңгеге дейінгі аралықта.

Ең үлкен топты 150 мыңнан 300 мың теңгеге дейін жалақы алатындар құрайды. Олардың үлесі – 29,9 пайыз. Осылайша, зерттеуге қатысқан қызметкерлердің 41,5 пайызының айлығы 300 мың теңгеден аспайды.

Бұл көрсеткіш елдегі орташа жалақы мен қызметкерлердің нақты табысы арасындағы айырмашылыққа назар аудартады. Өйткені орташа жалақыны есептегенде барлық қызметкердің еңбекақысы ескеріледі. Соның ішінде жоғары жалақы алатындардың табысы да жалпы көрсеткішке әсер етеді.

Ал жалақыны саралау зерттеуі қызметкерлердің қандай табыс топтарына бөлінетінін көрсетеді. Мұндай дерек халықтың қанша бөлігі төмен, орташа немесе жоғары жалақы алатынын бағалауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұл статистика зерттеумен қамтылған жалдамалы қызметкерлерге қатысты. Сондықтан оны Қазақстандағы барлық жұмыс істейтін азаматтың, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысымен теңестіруге болмайды.