Қасым-Жомарт Тоқаев Ақор­дада Қазақстанға ресми сапар­мен келген Того Республика­сының Президенті Фор Эссозим­на Гнассингбемен келіссөз жүр­гізді.
Тогомен тиімді әріптестікті дамыту маңызды
1,297
оқылды

Кездесу барысында Мемлекет бас­шысы Қазақстан мен Того күш жұмылдыра отырып, алдағы уақытта атқара алатын негізгі салаларды ай­қын­дады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, екіжақты және халықаралық күн тәртібін ілгерілету үшін тұрақты диалог орнату қажет.

– Бүгінгі келіссөздер екіжақты бай­ланыстардың жаңа кезеңін айқындап, өзара тиімді ынтымақтастығымыздың перспективті бағыттарын зерделеуге зор мүмкіндік береді. Біз Тогомен ара­дағы ықпалдастықты нығайтуға мүд­деліміз және сіздің еліңізді Афри­кадағы маңызды серіктес ретінде қарастырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Того арасындағы серік­тестіктің әлеуеті әлі толық пайдала­нылмай отыр. Оны дамыту үшін екі­жақты құжаттарға, соның ішінде ин­вес­тицияларды өзара қорғау туралы келісімге қол қою қажет.

Қазақстан Президенті екіжақты сауда-саттықты өркендету және іскер топтар арасындағы байланысты ны­ғайту маңызды екеніне тоқталып, Қа­зақстанның Тогодағы Құрметті кон­сулы лауазымына лайықты кан­дидатты анықтауды ұсынды. Мемлекет басшы­сы мұндай қадам екі ел арасында B2B форматындағы байланыстарды дамы­туға септігін тигізеді деп есеп­тейді.

Фор Гнассингбе құрмет көрсеткені үшін Қазақстан тарапына алғыс айтып, өзара мүддені көздейтін экономиканың түрлі саласында ынтымақтастық ор­натуға бейілді екенін растады.

– Қазақстанға сапармен келуге шақыруыңыз біздің қарым-қатына­сымызға тың серпін береді. Қазақстан мен Тогоның стратегиялық серіктес болуға мүмкіндігі бар. Сіздің еліңіздің экономикалық әлеуеті зор. Біздің делегация сауда, экономика, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрлан­дыру салаларындағы ынтымақтас­тықты кеңейтуге мүдделі. Жан-жақты байланыс орнатуға бағытталған келіс­сөздеріміз қос тараптың өзара ық­палдастықты тереңдетуге ниетті екенін айқын көрсетті, – деді Того Президенті.

Мемлекеттер басшылары Қа­зақстан мен Того арасындағы серік­тестікті дамыту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ келіссөз бары­сында саяси диалогті жолға қоюға, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалар­дағы ынтымақтастықты кеңейтуге, денсаулық сақтау және әскери өнер­кәсіп бағытында өзара ықпалдастық орнатуға ерекше назар аударылды.

Екіжақты келіссөздерден кейін Мем­ле­кет басшысы мен Того Президенті бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы Того Президентімен ауыл шаруашылығы, жаңа технология, қазба байлықтарды бірлесе игеру, өндіріс және инвестиция салалары бойынша да келіссөз жүргізгенін айтты.

– Екі ел үкіметтеріне тауар айналымын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Әсіресе, Қазақстанның Тогоға дәнді дақылды экспорттау мүмкіндігі зор екеніне назар аудардық. Еліміздің бастамасымен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы құрылғанын білесіздер. Мен Тогоны осы ұйымға мүше болуға, оның әлеуетін пай­далануға шақырдым, – деді Президент.

Мемлекет басшысы табиғи ресурстарға бай Қазақстан мен Того елдері темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кез­десетін минерал кеніштерін барлау, өндіру және игеру үшін бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігіне ие екеніне назар аударды.

– Мен Қазақстан кәсіпкерлері Тогоның тау-кен өндірісін зерттеуге дайын екенін атап өттім. Сонымен қатар екі елдің көлік-логистика саласындағы әріптестігі жан-жақты талқыланды. Қазақстанға Ломе портының әлеуетін қарастыру бойынша ұсыныс айтылды. Бұл теңіз айлағы қызмет ауқымы бойынша Батыс Африкада екінші орын алады. Біз өзара тиімді әріптестікті дамытуға барынша күш салуымыз керек. Сондықтан Того кәсіп­кер­лерін келесі жылы өтетін Астана ха­лық­аралық форумына қатысуға шақыр­дым. Олар форумда Қазақстанның эко­номикалық әлеуетімен таныса алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Президент Астана мен Ломе арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық орнату маңызды екеніне тоқталды.

– Бұл екі халықтың бір-бірін жақын тануына мүмкіндік береді. Осы ретте Того жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсындым. Бүгін­гі қатынастарымызға тың серпін беру үшін елдеріміздің Құрметті консулдарын бекі­туге келістік. Бұл келісімдер ынтымақ­тастықты нығайта түсері сөзсіз, – деді Президент.

Өз кезегінде Фор Гнассингбе Тогоның Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ерекше көңіл бөліп отырғанын және стратегиялық серіктестікті өңіраралық қана емес, құрлық деңгейінде де дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

– 300 миллионнан астам халқы бар Батыс Африка елдерімен тауар айналымын жолға қойған Того қазақстандық инвестор­лардың қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы саласын­дағы ынтымақтастығымыз дамып келе жатқаны қуантады.  Бүгінде сіздің елдің Тогоға астық жеткізу мүмкіндігі мол. Қа­зақ­стан цифрландыру саласында айтар­лықтай жетістікке жетіп отыр. Біз де өз елі­мізде цифрландыру жобаларын іске асырып, осы бағыттағы ынтымақтастықты жолға қоюға ниеттіміз. Бұл тұрғыдан сіз­дерден үйренеріміз көп, – деді Того Пре­зиденті.