Өкінішке қарай, төңіректе Қазақстанның аумақтық тұтастығына көз алартып, іштарлық қылатындар әлі де бар.
Қас емес, дос іздейтін заман
538
оқылды

Осы аптада Ресей Думасының  депутаты, саясаткерсымақ Евгений Федоров деген біреу Қазақстанда сепаратизм үшін бірнеше адамның сотталғанына күйіп-пісіп, еліміздің аумақтық тұтастығына күмән келтірді. Тіпті, Қазақстан жерін «заңсыз бөлінген аймақ» деп соқты. 

Әрине, мұндай жойдасыз пікірлерді жеке адамның пікіріне немесе белгілі бір күштердің екі ел арасына сына қағу әрекетіне жатқызуға болады. Алайда осындай бассыздыққа уақытында лайықты тосқауыл қойылуға тиіс.

«Ит үреді, керуен көшеді» десек те...

Бұл сәуегей Қазақстанның тәуелсіздігін мойындамайтынын байқатып, тіпті «Халықаралық құқық бойынша Қазақстан Кеңес одағының құрамынан  заңды процедура негізінде, шыққан жоқ. Бұл құықтық дерек, басқа ештеңе емес. Бұл жағдай Қазақ­станды заңсыз аумақ ретінде қарас­тыруға негіз болады» деп соқты. 

Федоров сияқты «дімкәс жан­дарға» назар аудармауға да болар еді. Бірақ бұл мемлекетіміздің ұлттық, ақпараттық қауіпсіз­дігі­нің мәселесі екенін естен шы­ғаруға болмайды. 

«Оның емі психиатрия төсегінде»

Әдетте, олардың  арандату ба­ғытындағы мәлім­демелеріне қазақ дипломаттары да, қоғам белсен­ділері де байыпты, лайық­ты жауап беріп жатады. Соңғы кездері біздің депутаттар да  елдің тұтас­тығын мо­йындағысы кел­мейтін  шетелдік саясаткерсымақ­тарға батыл тойтарыс бере бас­тады. 

Осы жолы да солай болды. Мәжіліс депутаты Марат Бәші­мов  қатаң жауап қайтарды 

«Біз мемлекеттік Думадағы кейбір депутаттар тарапынан Қазақ­­станның атына кезекті рет теріс ниетті пікірлер айтылып жатқанын көріп отырмыз. Депу­тат Федоров, бұған дейін де біздің елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығына қатыс­ты өзінің жал­ған, арандату пікір­лерін айтып жүр­генімен белгілі адам еді, енді тағы да дәйексіз хайп жасауға көшіпті»,–деп бастаған Марат Бәшімов өз уәжін нақты дәйектер­мен санамалап шықты.

«Біріншіден, ол сепаратизм үшін лайықты жазасын алған «Пет­ропавлдың халық кеңесі» деп аталатын топқа қатысты үкім­­ге пікір білдіріпті.

Екіншіден, Қазақстанды «заң­ды сипаты толық емес» ау­мақ деп атаған. Мұнысына біздің ел тәуелсіздік алғанда «барлық тиісті процедураларды сақтаған жоқ» деп уәж айтады.

Әрине, ақылы толыспаған баланың сөзін айтып отырған Ме­мдума депутатының бұл аран­датуын түсіну қиындау болар, бірақ мен тырысып көрейін.

Федоровтың бұл сөздері тарихқа қайшы. Ол бетсіздігіне салып деректерді өзіне бұрып алып, Кеңес одағының тарау процесі қалай жүргенін әдейі айтпай жасырып қалып отыр.

Осынысымен Федоров өз Президентінің ресми саясатына қарсы сөйлеп тұр. Елімізге соңғы сапары барысында Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің әріптестігі «өзара сыйластық, егемендігін, аумақтық тұтас­ты­ғын мойындау және ішкі істеріне ара­ласпау  принциптеріне негіз­деледі», – деп атап өткен болатын. 

Сондықтан да өзім заңгер ретінде, Ресейдің заң шығарушы билік өкілдері тарапынан мұндай пікір білдіруі орынсыз деп санай­мын. Олар бірінші кезекте Ре­сей­дің өзінің позициясына зиянын ти­гізіп отыр. Ал ол – біздің басты және стратегиялық серіктесіміз. Сон­дықтан да Федоровтың және сол сияқтылардың қандай да бол­ма­сын «психикалық ауытқу­шы­лық­тарының» емін БАҚ-та не­месе Парламентте іздемеу ке­рек, тікелей психиатрия төсегінде жасау керек» – деді депутат.

Қатаң да байыпты жауап.

«Біз кеңестік заманда өткен тарихымыз үшін ешкімнен қуыс­танбаймыз, біз – тәуелсіздік ал­ға­нын Халықаралық қауымдас­тық мойындаған елміз.

Мен ресейлік әріптестерімді саяси өте нәзік тақырыптарға сөз сөйлер кезде жақсылап ойланып алуға шақырамын. Сіздердің біз­ге ортақ болған Кеңестік заман туралы естеліктеріңіз әлдеқашан тек тарих оқулықтарында қап кеткенін естеріңізге салғым келе­ді», – деген  депутат мәлімдемесі қоғамда да қызу қолдау тауып отыр.

Бұл құр байбалам емес, біздегі қоғамдық ойдың өскенін, мемле­кетшіл ұстанымның нық орнық­қанын көрсетеді. 

Нұрлан САРСЕНҒАЛИҰЛЫ