Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникация қызметі алаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифинг өткізді. Есептік баяндамасы аяқталғаннан кейін Марат Сұлтанғазиев БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Алматы облысы – өнеркәсіпті өңір
2
514
оқылды

Сұрақ-жауап барысында Алматы облысының негізгі қордаланған проблемаларын шешу бағытындағы жоспарлар туралы айтылды. БАҚ өкілдері Балқаш көлі маңына салынбақ Атом электр станcасы және өңірдегі су, ауызсу, аймақтағы өзекті болып отырған саяжай мәселелері туралы сұрады.

Туризм – тұрақты даму көзі

Алматы облысы ежелгі Сақ, Үйсін, Қаңлы тайпаларының, Ұлы жүз қазақ­тарының ежелгі мекені болғандықтан, онда тарихи мәдени мұра ескерткіштері өте көп. Осы орайда ЮНЕСКО-ның бү­кіл­әлемдік мұралар тізіміне енген «Таң­­балы» музей-қорығы және басқа да тари­хи мәдени мұра ескерткіштерін қорғау, оларды туристік аумаққа айнал­дыру маңызды. Жақында «Amanat» партия­сы тарихи-мәдени орындарды қорғау бойынша акция бастаған болатын. Ак­ция­ға сәйкес ЮНЕСКО-ның бүкіл­әлем­­дік мұралар тізіміне енген «Таң­­балы» музей-қоры­ғына және өңірдегі басқа да тарихи мәдени орындарды қорғау бо­йынша қандай іс-шаралар қ­абыл­­данып жат­қаны туралы сұраған едік. 

– Өткенде «Таңбалы тас» музейіне барып қайттық. Бүгінде оның жартысы жабық. Жұмыстар жүргізілуде. Мұра­жай­лар Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігіне тиесілі. Сол себепті жұмысты министрлік жүргізіп жатыр. Әкімші де министрлік. Біздің тарапымыздан кө­­мек – оны турис­тік нысанда пайдалану мүмкіндігіне ық­­пал ету. Бұған дейін ай­тылғандай, 370-тен астам шақырым жол­ды абаттандырып жатырмыз. Келген туристің зияны келме­­­­­­­­сін деген ниетте жұмыс істейміз, – деді әкім.

Алматы облысы әсем табиғаты, асқа­ралы таулары, мөлдір бастау-бұлақтары, көк майса, жасыл желектері, қолайлы климатымен ерекше. Облыс инвестиция тартуға, бизнес орта қалыптастыруға өте қолайлы аймақ саналады. Сонымен қа­тар Қазақстандағы маңызды туристік өлке­лердің бірі. Облыс әкімі Марат Сұл­тан­ғазиев брифинг барысында 2023 жыл­­­дың жарты жылдығында ішкі туристер саны 13%-ға өсіп, 1,1 млн адам­ға, ал шетелдік ту­ристер 12 есеге өсіп, 74 мың келушіге жеткенін айтты. Әкімнің ай­туынша, 2023-2026 жылдарға арналған туристік мастер-жоспар әзірленгенін айтты. Оның ая­сында туристер санын ұлғайтуға мүм­­­­­­­­­­­­­кін­дік беретін іс-шаралар атқару көз­дел­ген. «Республикалық ту­ристік кар­таға енген әрбір оныншы ны­сан біздің өңірде. Биыл 15 туристік ау­мақта 337 шақырым таулы соқпақтар мен мар­шрут­тарды абаттандыру жұмыс­тарын бас­та­дық»,– деді облыс басшысы.

Бұл ретте әкім Қытаймен арадағы ви­засыз режимді тиімді пайдаланып, ту­ристерді көптеп тарту үшін Нарынқолда жаяу өткізу пунктін ашу жоспары барын айтты. Сондай-ақ туристер үшін ерекше тартымды Көлсай көлдерінің инфра­құрылымын дамыту, кәріз жүйелері мә­селесін шешу қолға алынғанын жеткізді. Оның айтуынша, биыл демеуші­л­ердің есебінен тегін wi-fi нүктесі қосы­лып, бейнебақылау камералары орнатылды. «Осы жерде Көлсайдың жанындағы Саты ауылы жақында Өзбекстанда өткен Дү­ниежүзілік туристік ұйымның кеңе­сінде «Ең үздік туристік ауылдардың» қа­­тарына енгізілді. Бұл туризмді дамыту жұ­­­мыс­­тарына берілген жоғары ба­ға», – деп атап көрсетті Марат Сұлтан­ғазиев. 

Әкімнің айтуынша, 2023 жылдың он айының қорытындысы бойынша, Алматы облысының әлеуметтік-эконо­микалық даму қарқыны жоғары. Об­лыста маят­ник­тік миграция, көлік ин­фра­­құрлымына, әлеуметтік нысандарға сал­мақтың артуы сынды жүйелі мәсе­лелерді шешуге бағыт­талған ірі жобалар жүзеге асырылып жа­тыр. Мысалы, Қо­наев және Алматы қала­ларының ара­сындағы G4 City жобасы қай­та қолға алын­ды. Бұл бағыттағы ал­ғаш­­қы қадам – G4 City арнайы эконо­ми­калық аймағының құры­луы. «Мұнда құны 3,7 трлн теңге көлемінде ин­вес­тиция тар­ту, 3,2 трлн теңге салық түсім­дері, сон­дай-ақ 34 мың жұмыс орнын құру жос­парланып отыр. Бүгінгі күні бұл жобаның Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қала­­сының аума­ғын қамтуы инвес­торларға қолайсыздық туғызуда. Сондық­тан Президенттің тап­сырмасына орай G4 City қаласын жеке әкімшілік бірлік ретінде құру бо­йын­­ша жұмыстар жүргізілуде», – деді Марат Сұлтанғазиев. 

Келешекте G4 City қаласын жеке әкім­шілік орталық  етіп және 88 мың гектар аумақта 4 аймақ құру көзделген. Мұнда 2050 жылға қарай 2 миллионнан астам адам тұрады деп болжануда.

Өңір экономикасының локомотиві – өнеркәсіп

Өнеркәсіптің дамуы жұмыс оры­н­дарын ашып, жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік береді. Өңірде Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан фарма­цевтика саласында өндірілетін дәрі-дәр­мек және медициналық бұйымдардың төрттен бірін шығаратын өндіріс іске қо­сылған. Соңғы бес жылда 7 зауытта өн­­діріс көлемі 1,3 есеге артып, 33 млрд тең­ге­ге жеткен. Сонымен қатар аймақ­тың ЖІӨ-нің 40%-дан астамын өнер­кәсіп өнімдері құрайды. Қазір өңірде өңдеуші өнеркәсіп 90%-ға өсіп, рес­­публикада ең жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Оның ішінде өндірістің үштен екісі азық-түлік, сусындар мен темекі өнімдерін шығаруға тиесілі.

«Республикамызда өндірілетін шы­рын­­дардың 85%-ы, сусындар мен бал­мұздақтың 60%-ы, шарап өнімдерінің жартысынан астамы біздің облыста шыға­рылады. Құрылыс материалдарын өндіру саласында еліміздегі гип­со­­картонның 81%-ы, сэндвич-па­нель­дердің 48%-ы, бо­­лат құбырлар мен про­фильдердің 27%-ы Алматы об­лысында шығарылады», – деді спикер. Сонымен қатар құны 100 млн дол­­ларды құрайтын жылу оқшаулағыш материалдар шыға­ратын зауыт салынуда. «Осындай жұ­мыстардың нәтижесінде 10 айда өнер­кәсіп өндірісі 7,7%-ға өсті. Са­лада 34 жоба іске асырылып, 1087 жұ­мыс орны ашылды», – деді әкім.

Жаңа әкімшілік орталық салынады

Алматы облысының әкімі Марат Сұл­­танғазиевтің айтуынша, облыс орта­лығы болғаннан бері Қонаев қала­сының бюд­жеті 2,7 есеге өсіп, 40 млрд теңгені құрады. «Биыл Қо­наевтың Бас жоспары бекітілді. Негізгі әкімшілік ғимараттар Қонаев қаласының қазіргі аумағында салынады. 19 мың гектар аумақта орна­ласатын қала хал­қының саны 2050 жылға қарай 200 мың адамды құрайды деп болжануда. 2-ші кезеңде «Жаңа Іле» ала­бы игеріледі. Онда әлеуметтік-тұр­мыс­­т­ық, мәдениет, білім беру ғима­рат­тары, тұр­ғын үй кешендері және рек­реациялық мақсат­тағы нысандар са­лынады», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Көп кешікпей жаңа әкімшілік-тұр­ғын үй орталығын салуды көздейтін 5 жылдық кезеңге арналған Қонаев қа­ласын дамы­тудың Кешенді жоспары қабыл­данбақ. Әкімнің айтуынша, бас жоспарға сәйкес аймақтағы саяжайлар мәселесін шешу жоспарланған. Алдымен саяжайларды елді мекендерге қосу жө­нін­де шешім қа­былданса, кейін кезең-кезеңмен ин­фра­­құрылым жүргізу қолға алынады.

Т. МҰҚАНАТТЕГІ