Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет» деп атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артуда
645
оқылды

Осы орайда облыстағы ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Жамбыл облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Н.Мұқашевтың айтуынша, биыл негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатында өңірде ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру мен агроөнеркәсіп кешені жүйесін тиімді жүргізу бойынша ілкімді істер атқарылған. Облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 81,0 млрд теңге бөлініп, бүгінде 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілген. Жыл басынан бері салада 498,6 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде егін шаруашылығында 317,9 млрд теңгенің, мал шаруашылығында 180,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 35,1 млрд теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 3,5 млрд теңге инвестиция салынған.

2023 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 762,5 мың гектарға жетіп, 6,5 мың гектарға артты. Биыл 380,3 мың  гектар масақты дәнді дақылдар егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 9,6 центнерді құрады және 363,2 мың  тонна астық бастырылды. Сондай-ақ 1,1 млн тоннадан астам көкөніс пен 446,3 мың тонна бақша дақыл жиналды. Жоғары өнімге қол жеткізудің негізі – ол ауыл шаруашылығы техникаларының жаңаруы. Өңірде жыл басынан бері 1 543 дана техника алынып, 12,2%-ға жаңартылды.

Жалпы, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау да жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 550 өтінімге 1,8 млрд теңге субсидия төленді. Қазір техникаларды жаңарту мен мемлекеттік қолдау шаралары жалғасуда.Қант қызылшасынан бүгін 161,8 мың тонна өнім жиналып, 148,2 мың тоннасы қант зауытына өткізілді. Биыл 459 гектар қант қызылшасына тамшылатып суару технологиясы енгізілсе, 1 939 гектарға жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.Жалпы, биыл 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілсе, оның 38,9 мың гектарына тамшылатып, 18,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.

Одан бөлек, облыста мал басында да өсім бар. Қазір өңірдегі жалпы мал саны 4,5 млн басты құрап өткен жылмен салыстырғанда 7,9%-ға артты. Оның ішінде мүйізді ірі қара саны – 5,8%-ға, қой мен ешкі саны – 8,2%-ға және жылқы саны – 9,7%-ға, құс саны 6,2%-ға артты.

Қазір облыста ет бағытындағы 5 асылтұқымды мал өсіретін репродуктор, 4 құс фабрикасы, 27 мал бордақылау алаңдары мен 52 орта және ірі сүт фермалары жұмыс істеуде.

Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылған 24 ауылдық округте мал басы 26%-ға, ет өндірісі 39%-ға пайызға, сүт өндірісі 19%-ға артып, соған сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 1254 адамға қысқарған – бұл туралы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Мұқашев баяндады.

Жалпы, Президент құлағдар болып, үкімет қолдаған жобалар бүгінде республикалық деңгейде масштабталып, барлық облыстарда жүзеге асырылып жатыр. Осының нәтижесінде бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты шаруашылыққа қолайлы облысымызда ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы