Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті тұлғалар 2020-2023 жылдар аралығында білім беру саласында жұмыс істемейтін тұлғалардың шоттарына ақша қаражатын аудару, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 миллиард теңге сома жымқырған.
Түркістан облысының білім саласы мамандары қазынадан 2,6 миллиард теңге ұрлаған
1,981
оқылды

Түркістан облысының білім саласы мамандары бюджеттен 2,6 миллиард теңге жымқырғаны анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Олар бюджет қаражатын аса ірі көлемде жүйелі негізде жымқырды деген күдікке ілінді.

Қазіргі уақытта Түркістан облысының білім беру саласынан 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр, олардың төртеуі қамауға алынды.

"Залалды өтеу мақсатында 39 жылжымайтын мүлік, 44 автокөлік, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалай қаражаттары бұғатталды. Сонымен қатар тергеу барысында Түркістан облысының Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы әшкереленді, ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған жымқыру фактілерін пайдакүнемдік ниетпен жасырған", – делінген Антикор таратқан хабарламада.

Ведомство сондай-ақ Жетісу облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында 2,5 жыл ішінде 4,4 миллиард теңге жымқырған қалалық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлады. Қылмыстық топта басшы мен оның қарамағындағылар, сондай-ақ орта мектеп бухгалтері де бар, барлығы 13 адам.