Жерді халық игілігіне пайдаланып отыр.
«Ауыл аманаты»: Ақмолада 1,1 миллиард теңгеге жуық несие берілді
1,167
оқылды

Депутаттық фракциялардың қызметін жандандыру, халықтың партияға деген сенімін арттыру, мәслихат депутаттары мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық әрі тиімді диалог құру – осы және тағы басқа мәселелер Көкшетауда өткен «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының І Ақмола облыстық форумында айтылды.

Форумға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ардагерлер мен партия белсенділері, облыс әкімінің орынбасарлары мен облыстық басқарма басшылары да қатысты.

Форумның ашылуында сөз алған облыс әкімі Марат Ахметжанов өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуының 10 айына қорытынды жасап, Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан реформалар бір реттік іс емес, ел дамуының тексерілген және кешенді стратегиясы екенін ерекше атап өтті. Мәслихат депутаттарының рөліне тоқталған аймақ басшысы олардың халықтың өзекті мәселелерін шешудегі басым міндеттерін атап өтіп, өңірдегі оң өзгерістерінің бастамашысы болу маңыздылығын атап өтті.

 

Облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Айнагүл Балташева жол картасының орындалу барысы, партиялық жобалар, өтініш-тілектердің орындалуы, партия жанындағы қоғамдық қабылдаулар мен кеңестердің жұмысына тоқталса,  Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімов қалалық мәслихат депутаттарының сайлаушылармен жұмыс істеудегі оң тәжірибесімен бөлісті.

Жалпы, Жол картасының іске асырылуын талдау барысында 117 іс-шараның 53%-ы орындалғанын, ал 62-сі немесе 47%-ы орындау сатысында екенін көрсетті. 

Партия депутаттары есептік кезеңде 598 жеке қабылдау өткізіп, 1179 азаматты қабылдаған.  

Биыл наурыз айында сайлау науқаны кезінде сайлаушылардан 245 өтінім жиналып, оның 202 (82%) орындалды, 43 (18%) орындалу үстінде. 

Қазақстандықтардың саяси мәдениетін арттырудың келесі маңызды қадамы – әкімдерді тікелей сайлау болды. 2021 жылдың шілде айынан бастап 201 ауылдық округте әкімдер сайлауы өтіп, оның ішінде 193 кандидат «АМАNАТ» партиясының мүшесі немесе 96 пайызы жеңіп шықты.

Сайлау жүйесін дамыту 5 аудан әкімінің алғашқы тікелей сайлауымен жалғасты. Жақсы және Шортанды аудандарында «АМАNАТ» партиясының кандидаттары абсолютті жеңіске жетті.

Форумда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шұғырмақова облыстағы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шараларды баяндады. Мәселен, биыл облыста жаңа өнеркәсіп нысандары іске қосылды. Бұл 455 жаңа жұмыс орнын ашқан «Макинск құс фабрикасы», 5 сүт-тауар және 46 ет фермасы қолданысқа енгізілді. Мемлекеттің қолдауының арқасында іскерлік белсенділік артып, жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасап жатыр. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыста 1,1 миллиард теңгеге жуық 200-ден астам несие берілді. «Жер аманаты» комиссиясының көмегімен өткен жылы 302 мың гектар, 2023 жылы 200 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Жалпы, Ақмола облысының жетінші шақырылымдағы депутаттық корпусы 209 депутаттан тұрады. Орташа жас – 43 жас, 70/30 пайыз ерлер мен әйелдердің арақатынасы сақталған. Жастар 22% болды.

Жетінші шақырылымдағы халық қалаулылары халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және олардың әл-ауқатын арттыру үшін қажетті негіздерді жасауды басты міндет етіп отыр.

Форумның ашылу салтанатынан кейін жұмыс панельдік секцияларда облыстық басқарма басшылары мен депутаттардың сұрақ-жауап форматында жалғасты. Оның біріншісінде экономика, әлеуметтік қорғау, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, туризм, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс, экология, табиғи ресурстар тақырыптары талқыланса, екіншісінде білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жастар мәселелері талқыланды.