Талдықорған қаласы Қызыл тас саяжайының маңында орналасқан ел арасында «Тасбақа тас» деп аталып кеткен табиғи туындыны зерттей келе 80 шаршы шақырымды алып жатқан бірегей тарихи орын екені анықталды.
«Тасбақа тастан» 5000-ға жуық петроглиф табылды
1,491
оқылды

Мәдени мұрамызды сақтап қалу, тарихи орындарды дәріптеу мақсатында петроглифтердің жойылуын көшпелі фотофиксациялау шарасы ұйымдастырылды.

Шара барысында Жетісу облыстық «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері, Талдықорған қаласының қоғам белсенділері Динара Серікқызы, Наталья Хабаровна және алматылық петроглифші Ольга Гумированың бастауымен Орталық Азиядағы ең үлкен петроглифтер жиынтығы анықталған «Тасбақа тасына» сапар жасалды.

Қоғам белсендісі Динара Серікқызы Жетісу облысында орналасқан көрікті орынға туристердің көптеп келіп, танымалдылығының артуын қалайтындығын айтты.

«Біздің қалаға, дәлірек айтқанда Тасбақа тасына барып, петроглифтерді көргеннен кейін, «Қазақстан – петроглифтер елі, Талдықорған – петроглифтер елінің астанасы» атты жаңа атау қоюға болатындығын және облысымыз табиғатқа бай екендігіне көзіміз жетті. Бізге көнеден қаз-қалпында жеткен тарихи мұрамызды сақтап, тиісті құрмет көрсетуіміз керек. Сондай-ақ, әр адам мұның бәрін өз көзімен көріп, еліміздің тұмса табиғатын бағалағанын қалаймын. Осыдай кейін Жетісу облысына келушілердің саны артып, Қазақстанның туристік аймағы болатынына сенімдімін», – деді Динара Серікқызы.

Зерттеуге қатысқан жетісулық рухтас Дәрия Ілиясова бұған дейін «Тасбақа тасында» сенбілік өткізіп, айналасын тазартумен айналысқандарын жеткізді.

«Талдықорғанның осындай көрікті, тарихы терең орнына алғаш келуіміз емес. Бұған дейін біз жетісулық волонтерлермен вандализммен күрес акциясының аясында тазалық жұмыстарын жүргізіп, аумақты қоқыстардан тазартқан болатынбыз. Алдағы уақытта тарихы терең киелі жердің маңыздылығы артып, ерекше қарауға алынатынына сенімдіміз. Тек «Тасбақа тасы» ғана емес, елімізде қаншама ашылмай, игерілмей қалып, назардан тыс қалған петроглифтер қаншама. Қараусыз қалғандықтан көптеген орындар вандализм актілеріне тап болуда. Осындай келеңсіздіктерге жол бермес үшін арнайы заң қабылданып, айыппұл мөлшері артады деп үміттенеміз», – деп өз  ойын білдірді Дәрия Ілиясова.

Арнайы сапарға Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі, Жетісу газетінің тілшісі Қажет Андас, сондай-ақ Талдықорған, Текелі қаласының, Ескелді ауданының жергілікті блогерлері, тілшілер, велосипедшілер клубы, «Темірбетон» өндірістік компаниясының директоры, жергілікті Полиция басқармасының өкілдері, еріктілер қатысты.

Сапар соңында бұл мәдени орында сақтап қалу мақсатында қоғам белсенділері тарапынан Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министірлігіне тау-кен жұмыстарымен айналысып жатқан «Темірбетон» өндірістік компаниясына шикі затты алатын, қазба жұмыстарымен айналысатын басқа орын беруді қарастыру үшін  арнайы хат жолдау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар алдағы уақытта бұл тарихи орынға арнайы ғылыми комиссияларды шақыртып зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Айта кетейік, Жастар қанатының белсенділері Қазақстанның тарихи-мәдени орындары мен ескерткіштерін вандализмнен қорғау мақсатындағы акция барысында «Таңбалы тас» петроглифтерін, «Ақбауыр» шатқалын, Ш. Құдайбердіұлының, С. Сейфуллиннің, Бөгенбай батыр, Кенесары хан ескерткіштерін, «Тектұрмас» кесенесін, «Ыбықты сай» шатқалын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы  қорғанын, «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қараман ата» жерасты мешіттерін қоқыстар мен жазулардан тазартты.